2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы Оқу-ағарту министрінің бұйрығы қабылданды.
Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-тегі парақшасында жазды.
Бұйрық бойынша:
- Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда аяқталады.
- 9 (10)-сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында өткізіледі.
- 11 (12)-сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары – 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында өтеді.
- Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілген:
9 (10)-сынып оқушылары үшін:
1) жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2 маусым;
2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 6 маусым;
3) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан – 9 маусым ;
4) таңдау пәні бойынша – 13 маусымға жоспарланған.
11 (12)-сынып оқушылары үшін:
1) оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 5 маусым;
2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 8 маусым;
3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 12 маусым;
4) өзге тілдерде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 15 маусым;
5) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан – 19 маусымда өткізіледі.