«…Ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер…»

5

Желтоқсан бір қуаныш, бір қайғы, жеңіс пен жеңіліс, бақыт пен сор, сатқындық пен жанашырлық,  «күзге айналған көктемдердің» қилы тағдыры, кешегі мұз құрсауындағы сын сағат бейнеленген кезең.  1986 жылдың дәл осы шағында  Алматыда сол кездегі коммунистік биліктің шешіміне қарсы жаппай наразылықтар мен халық көтерілістері түрінде болған қазақ жастарының үн қосуы Желтоқсан оқиғасы болғаны белгілі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «1986 жылғы наразылық шеруі халқымыздың бостандыққа ұмтылысын көрсетті. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының өшпес ерлігі біздің мемлекеттілік тарихымызға мәңгі жазылды»-деген болатын. Тарихы терең, қасіреті қатпарлы желтоқсан көтерілісінің ызғары әлі күнге санада сақталып тұр. Осынау қанқұйлы оқиғаны еске алу оңай еместігі белгілі. Десе де тарихтан тағылым алып, өткен күнге шолу жасау баршамызға ортақ міндет. Қазақ тарихының парағында шерлі де қасиетті оқиға  болып қалған  желтоқсанда алаңға шыққандардың бірі –Сағындық  Жұмаділ. Ол бойды қарыта соққан желтоқсан желінің ызғарын өзгеден жақсы біледі.   

-«Сол күні кешкі сабақтан келген кезде жатақханамызда дүрлігу болып жатыр екен. «Не болды?» деген сауалыма жігіттер «Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген һәм есімі де елге беймәлім адамды  басшы ретінде тағайындағалы жатыр» деді. Бұл, әрине, өз кезегінде Алаш жұртының наразылығын тудырды. Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты мақсаты –«Әр халыққа өз басшысы» деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясына қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастың аяусыз жазаланып, қудалануы да бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі деуге болады. Алматы көркемсурет және театр институтының бір топ қыз-жігіттері  өзге оқу орындарының жатақханаларын аралап, барлығымыз бас қосып, «Пленумның шешіміне қарсы шығайық» деген сарында  насихат жүргізілді. Ол кездері тек мереке күндері бейбіт шеруге шығатын едік. Ал, бұл жолғы қарсылық таныту жаңа атап өткенімдей бұрын-соңды тәжірибеде болмаған.  Митингіні, талаптарын білдіруші тарапты тоқтату  операциясы «Құйын- 1986» деп аталады. Алаңға жиналғандарды итке талатып, өрт сөндіретін көліктен су шашып, сапер күрегімен, резеңке таяқпен ұрып-соғып, өзге де құралдар қолданды.

Алаңға шыққаннан кейін үшінші күннен бастап КГБ-ның адамдары  бізді шақыртып, тергеу басталды. Ол 6 айға созылды. Соққы болмаған күннің өзінде психологиялық тұрғыдан сындырып жібереді, әдейі шатастырады, өз сөзіңе  өзіңді қарсы қояды. Сол сәтте бірге жүрген 12 адамды дүрбелең, алауыздық туғызушы деп қарастырып, 5-уін соттады. Одан бөлек  оқудан шығарылып, әкімшілік жазаға тартылғандардың да қарасы көп болды. Сол күндерді еске алғанда әлі күнге жүрек сыздайды, оңай емес. Бұл жүрекке салмақ салатын ауыр қасірет. Қазір ойлансам сол кездегі өрімдей жас қыз-жігіттердің жанкештілігіне таң қаламын. Қаруланған әскерилерге қарсы тұрып, ел басына күн туғанда, етігімен су кешті. Азаматтық ар алдындағы парызымыз деп білді. Тән жарасынан, жан жарасынан жазыла алмай жүргендер қаншама, ауыр салмағын көтере алмай өмірден өткендер бар. Олардың өр рухы, ерліктері мәңгі жадымызда сақталады.  Айтылмаған сөз жетім, осы істің нағыз басы-қасында жүргендер ұмытылып, соңғы кездері «псевдожелтоқсаншылар» қатары көбейіп кетті. Жеке мүдделерін ойлап, мекемелерді жағалап, қадірін қашырып жүр. Осы себепті ұйымдарға тіркеуде тұрудан  өз еркіммен  бас тарттым. Кездесулерге шақырғанда қатысып, ашығын айтудан жасқанып қалмаймын, әрине. Менің ойымша, желтоқсан көтерілісі өзінің нағыз бағасын алған жоқ. Болашақта әлі де зерттеліп, өз тұғырына қонады деп сенемін. Өкініштісі, бұл жәйттерді тек осы желтоқсан айында ғана айтатынымыз, іздейтініміз. Бұл – тарих, сондықтан жылдың әр күнінде айтылып, тұлғалар насихатталып, ұмытылмауы қажет. Жас ұрпаққа маңызын тереңінен түсіндіру, мақсаты, мүддесі айтылуы керек».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз