Тәуелсіздіктің жетісулықтарға тартқан сыйының бірі – «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің жарық көруі. Рухани байлығымыздың кеңінен қанатын жаюға сеп болып, жас ұрпақты ұлттық музыкаға баулитын ансамбльдің дүниеге келуі киелі өнер үшін зор мәртебе болды. Ел мәдениеті мен өнерін өркендетіп жүрген өнер шаңырағының «Әнім сенсің, Талдықорған» атты 13 жылдық есеп беру концерті өтті.
Салтанатты шараға қатысқан Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл «Адамзаттың даму жолын музыкасыз елестету мүмкін емес. Ол адам жан-дүниесінің айнасы іспетті. Содан болса керек, халқымыз ежелден өнерпаздарға ерекше құрмет көрсетіп, өнерін жоғары бағалаған. Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады. Тәуелсіздік жемісі «Талдықорған әуендерінің» бағындырған белесі аз емес. Шығармашылық құрамы талантты жастармен жыл сайын толығып отырған ансамбль өзіне артылған міндетті жауапты түрде атқарып келеді»-деп ыстық ықыласын білдіріп, ұжымды марапаттады. Айта кетейік, ансамбль 2011 жылы 4 желтоқсан күні көрерменге алғашқы ашылу концертін ұсынды. 2014 жылы «халықтық» атағын қорғады. Осы уақыт аралығында бірнеше халықаралық, республикалық байқау, фестивальдердің жеңімпаздары атанды. «Жас қанат» ән байқауының, «Жұлдыз – 2016» республикалық эстрадалық әндер орындау байқауының, «The spirit of Astana», «Ұлы қытай қорғаны», Санкт-Петербург қаласында өткен «Музыка мира» фестивалінің, Сочи, Батуми, Анталия қаласында өткен сайыстарда жүлдеге ие болды. «Талдықорған әуендерінің» ән қоржынында бірқатар авторлық әндер мен ансамбльге арнайы жазылған шығармалар бар.