Төл өнім – тек нарықтағы тауар емес, ұлттық болмыстың, мәдениеттің және экономиканың ажырамас бөлігі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан білім мен дағдының, еңбек пен шығармашылықтың нәтижесі. Оның құндылығы тек сапасы мен ерекшелігінде ғана емес, сонымен қатар, тарихында, халықтың өмір салтымен байланысында жатыр. Оны қолдау – ұлттық экономиканы дамытуға, мәдениетті сақтауға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға үлес қосатын маңызды міндет. Бұл үшін мемлекеттік қолдаумен қатар жеке кәсіпкерлердің белсенділігі және тұтынушылардың саналы таңдауы қажет.
Бұл күнде италияндықтардың пиццасын, жапондардың сушиін, түріктердің донерін, маклюбені білмейтін адам кемде- кем. Бұл тізімге соңғы кездері «хит» болған жүзім, тәттіге малынған құлпынай, дубайлық шоколад пен балмұздақты да қосуға болады. Кәріс, батыс асханасымен көпшілікті өзіне баурайтын мейрамханалар қатары көп-ақ. Ал, «төл өнім, ұлттық тағамдарымыз қаншалықты насихатталып жүр?» деген сауал әрқайсымыздың санамызда сайрап тұрғаны жасырын емес. Қолжетімді бағада ең дәмді ұлттық тағамдар, 10 жылдан аса тәжірибе, мыңдаған разы қонақтар. Бұл қазақи меймандостық пен ұлттық ерекшеліктерді сақтай білген этнобағыттағы «Sirne kz» мейрамханасы хақында. Аталмыш мейрамхана тек тағамды ғана ұсынып қоймай, қазақ халқының ұлттық киімдерінен бастап, тарихы, музыкасына дейінгі мәдениетін де көрсетеді. Жылы, жайлы атмосфера әр тұтынушыны қазақ даласының аясына алып келеді. Мейрамхана қызметкерлері салт-дәстүрлер, тағамдардың дайындалуы, құрамы және тарихы туралы ақпарат береді. Ұлттық колориттегі мейрамхана ашу идеясы, мақсат-міндеті жөнінде басшысы Марлен Құрмашев баяндап берді.
— Қазақ халқы асты өте жоғары бағалаған әрі қастерлей білген. Ел-жұрттың жадында жатталып қалған «Ас – адамның арқауы» деген қағида тегін айтылмаса керек-ті. Уақыт өтіп, заман алмасып, ұрпақ жаңарған сайын кейбір ұлттық тағамдар да күнделікті тұрмыс дастарқанымыздан ұмытылып бара жатыр. Қазіргі таңда кез келген мейрамханаға кіріп, мәзірін ашып қарасаң толған еуропа, шығыс, одан қалса корей тағамдары. Солардың арасынан жылт етіп бешбармақты ғана көріп қаласың, әрине, бұл, іш ашытарлық жағдай. Өз атамекенімізде бола тұра біз бешбармақтан өзге тағамдарды біле бермейміз. Қазір кез келген адамнан қазақтың 5 ұлттық тамағын ата десең, бірді-екілімен шектеліп қалады. Шындығында біздің дастарханымыз өте кең, өте бай, ауқымды. Ұмыт бола бастаған дастарханды дәріптеп, өскелең ұрпақтың жадында сақталып қалса, қайта жаңғыртсақ , өз тарапымыздан үлес қоссақ деген ниет бар. Бұл ұзақмерзімді жоба. Неге десеңіз, тек қаражат табу көзі ретінде ғана емес, халықты ұлттық құндылыққа үйрету мақсатында жасалынып жатқан дүние. Бұрын тек жаз мезгілінде ғана жұмыс істеп тұрған асхана көлеміндегі мекеме болса, қазір мейрамхана деңгейінде ашылды.
Қазақ дастарханы — ұлттық дәстүр мен ырыс-берекенің символы. Отбасылық, рухани және мәдени байланыстардың нышаны, ұлттық дәстүрлердің айқын көрінісі. Мұндағы әрбір тағам, әрбір ыдыс – тарихтың, дәстүрдің және қазақ халқының өмір салтының айғағы. Қазақ дастарханының ерекшелігі де оның молшылығында, алуан түрлілігінде және тағамдардың дайындалу технологиясында. «Sirne kz» мәзірінде 90 %-ы ұлттық тағамдар. Қазақ асханасының басым көпшілігі ет тағамдарынан тұратындықтан гендік, сапалық тұрғыдан, талғам тұрғысынан болсын ол бізге жақын. Яғни, қазаққа қазақ мейрамханасы жат емес. Ми палау, үлпершек, балбауыр, қымыз қабырға, бүрме қарын, жаужүрек, жілік май, әсіп, ұйқы ашар, сонымен қатар, құрт, ірімшік, жент, сары май, кілегей, балқаймақ сынды сүт өнімдері де бар. Қазақ халқы жылқыны малдың патшасы деп, оған айрықша көңіл бөлгені мәлім. Оның бар қасиеті — сүтінде. Бие сүтінен ауруға ем, сауға қуат берер қымыз дайындалады. Бірде В.Толстиков деген дәрігер: «Қымыз асқазанды емдеп, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады»- деп жазған екен. Расында да қазақ халқы үшін осынау сусынның орны ерекше. Тіпті қымызсыз қазақ асханасын елестету мүмкін емес. Ұлттық сусынның адам денсаулығына пайдасының мол екендігін медицина мойындап отыр. Атап айтсақ, қан тамырларын тазалайды, сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бастың айналуын ,созылмалы сары ауру, ұйқысыздық, ішектегі жара сияқты аурулардың алдын алуға көмектеседі. Ас қорытуға жақсы әсер етіп, иммундық жүйені нығайтады.
«Кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс». Осы орайда Абай атамыздың «Адал еңбекпен мал іздемек, ол арлы адамның ісі» деген сөзі ойға оралады. Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық танытқан жанның жұмысы да өнімді болады, еңбегіне қарай өнбегі. Ұлттық брендті ұлықтап жүрген кейіпкеріміз бұл күнде жұрттың алғысын арқалап, батасына кенелуде. – Меймандар тарапынан егде жастағы адамдар ризашылықтарын білдіріп, қолдайды, ол кісілер біздің мақсатымызды жете түсінді. Ал, жастарды, қазақ мейрамханасымен етене таныстыру мақсатында әлі де жұмыстану үстіндеміз. Мұнда тек тамақ қана емес, сонымен қатар, көне заттар, тұлғалар шығармашылығынан жинақталған кітаптар бар, үнемі күй ойнап тұрады. Салт-дәстүрді насихаттайтын іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Осы бағытта жоспарымыз да көп. Кешкі уақытта дәстүрлі әнші, күйшілер келіп, өнерлерін тарту етеді. Әлеуметтік желідегі парақшамызда тұрақты түрде «Білгенге маржан» айдарын жүргіземіз. Онда ұлттық құндылыққа негізделген түрлі тақырыптар қамтылады. Сондай-ақ, мейрамхана ішіндегі қолөнермен таныстырып отырамыз.
Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, құндылықтар мен салт-дәстүрді күн тәртібіне енгізу арқылы талғам мен рух көтеріледі. Ұлттық құндылықтар — елдің рухани арқауы. Онда ғасырлар бойы қалыптасқан, халқымыздың рухани-адамгершілік негізін, өмір салтын, дүниетанымын анықтайтын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бағалы қасиеттер мен қағидалар жүйесі жатыр. Аталмыш дүниелер уақыт өте келе өзгеріп, дамып, заманауи дүниеде жаңа құндылықтар пайда болып, маңызы өзгеруі мүмкін дерміз. Алайда, негізгі болмыстан ажырамау қай-қайсымызға да міндет. Оны сақтау және дамыту, насихаттау, келешек ұрпаққа жеткізу үздіксіз процесс болуы тиіс. Осылайша біз ұлттық бірлігімізді нығайтып, өткенімен өзара ұштасқан болашағымызды қамтамасыз ете алатынымыз анық.