«Жыл волонтері» облыстық сыйлығына өтінімдер қабылдануда

106

5 желтоқсан –  Халықаралық волонтерлер күніне орай үздік волонтерлерді марапаттау, ынталандыру және жеткен жетістіктерін халыққа таныстыру мақсатында Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Жыл волонтері» облыстық сыйлығын өткізу жоспарлануда. Бұл байқау — өз қоғамына көмек көрсетуді мақсат еткен жандарды тану және қолдау мүмкіндігі. Осы орайда толық мәліметтермен Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Жанерке Бексеитова мен «Мейірімді Жетісу» облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Матвей Шведин таныстырып өтті.

Аталмыш шараға  қатысуға өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 7-15 қараша күндері аралығында жүргізіледі. Премия  10 номинация бойынша өткізіледі. Атап айтар болсақ,   білімді әйгілеудегі, сауаттылық деңгейін арттыруға, денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқан, төтенше жағдайларды жоюға, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге, салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін, қоршаған ортаны сақтау және қорғау, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға, жануарларды қорғау мәселелерін  және әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуде белсенділік танытқан жандарға беріледі. Сонымен қатар «Үздік волонтерлік ұйым», «Жыл волонтері» – ең белсенді және нәтижелі волонтерлік қызмет көрсеткені үшін тағайындалады. Айта кетерлігі, волонтерлік ұйымдар үшін мемлекеттік тіркеу туралы анықтама, осы қызметті растайтын құжаттар міндетті болып табылады. Үміткерлер  тек бір номинацияға ғана  қатыса алады. Жеңімпаздар Халықаралық волонтерлер күніне орай салтанатты түрде марапатталып, әр жеңімпазға 300 мың теңге көлемінде сыйақы табысталады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз