Биыл су тасқынына дайындық барысында Жетісу облысында 5,6 шақырым өзен жағалаулары нығайтылды

114

Жетісу облысында су тасқынына қарсы іс шаралар белсенді жүргізілуде. Осы орайда биылғы қыркүйек айында Панфилов ауданы Бұрақожыр өзенінің жағалауын нығайтылса, тағы бір учаске — Текелі қаласындағы Қора және Қаратал өзендерінің жағалауларын нықтау жұмыстары қазір қарқынды жүріп жатыр.

Текелі қаласы – таулы аймақ. Сондықтан, төтенше жағдайлар саласы мамандарының айтуынша, Текелінің су тасқынына қатысты қауіптілігі жоғары саналады. Қаланың ішімен үш өзен — Қора, Шажа, Текелі ағып өтіп, үшеуінің түйіскен жерінен ары қарай Қаратал өзені жалғасады. Сондықтан мұндағы су тасқынының алдын алу жұмыстары «Жетісу облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына» енгізіліп, қазір жұмыстар белсенді жүргізілуде.

Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуандық Байсақовтың айтуынша, аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, қазір құрылыс 4 учаскеде — жалпы ұзындығы 705 метр жерде атқарылуда.

  • Қаладағы су тасқынының алдын алуда бұл жобаның маңызы зор. Қора және Қаратал өзенінің жағалауын нығайту 4 учаскеге бөлінген, соның 2-еуінде жұмыстар аяқталып, құрылыс ауқымының 62 %-ы атқарылды, яғни 440 метрдей жер жасалды. Биыл жобаны аяқтап бітіруіміз керек. Бұл жұмыстар төтенше жағдай қаупін болдырмауға ықпал етеді, — дейді Қ. Байсақов.

Қора және Қаратал өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарында қазір 15 адам жұмыс істеуде.

— Жаз бойы гобион конструкцияларын құрып, қажетті материалдар әкеліп дайындадық, енді сол конструкцияның ішіне тас салып, нығайту жұмыстарын атқарып жатырмыз. Шынжыр табан экскаватор, КамАЗ, манипулятор сияқты барлық қажетті техникаларды жұмылдырдық. Жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр, — деді мердігер компанияның өкілі Ералы Құсманов.

Жалпы Жетісу облысында 2025 жылдың су тасқынына дайындық барысында 5,2 км су бұру арналары орнатылып, тазартылды, 400 метр қорғаныс бөгеттері салынып, жөнделді, 4,6 шақырым өзен арналары мен каналдарға механикалық тазарту жасалды, 5,6 шақырым өзендердің арналары тереңдетіліп, түзетіліп, жағалаулар нығайтылды. Сол сияқты 241 шақырым арық желісі, 215 шақырым каналдар және автожолдарда 2826 су өткізу құбырлары тазартылды. Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында аудандар мен қалалар әкімдіктері инертті материалдар, жанармай қоры мен қаптар дайындады, 913 бірлік жеке құрам күштері мен құралдары, 235 бірлік техника, 108 мотопомпалар әзірлікке келтірілді.

Атап өтсек, келесі жылы облысты дамыту жоспарының аясында  Панфилов ауданы Сүптай ауылында Тышқан өзенінің, Талдықорған қаласы Қаратал өзенінің жағалауларын нығайтылады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз