Ағзаларды транспланттау – бұл ағзаларды немесе тіндерді дененің басқа жеріне, басқа ағзаға ауыстыру. Көптеген аурулар адам ағзасының жұмысын тоқтатып, трансплантациялау қажеттілігіне әкелуі мүмкін. Бұл ересек адамдарда да, балалар арасында да кездесіп жатқан жағдай. Осы орайда елімізде жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантациясы жасалады.
Жетісу облыстық аурухана директорының орынбасары Ғалым Елибаев пен Талдықорған көпсалалы ауруханасы хирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Асқар Ахбаев ішкі ағзаларды трансплантациялаудың маңыздылығы жөнінде айтты. Транспланттау қажеттілігі туралы нақты шешім қабылданған адамдар күту парағында кезекте тұрады. Статистикаға сәйкес, олардың көпшілігі кезегіне жетіп үлгермейді. Мамандар донорлыққа келісім беру мәселесі өзекті екенін тілге тиек етті. Донор болу үшін қойылатын ең басты талаптар – адамның денсаулығының қалыпты және белгілі жас мөлшерінде болуы. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 210-бабының 1-тармағына және 212-бабының 1-тармағына сәйкес: ағза мен тіндердің тірілей доноры — 18 жастан асқан, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыста болған немесе онымен тіндік үйлесімділігі бар, трансплантациялау үшін жазбаша нотариалды куәландырылған келісімін білдірген адам; қайтыс болғаннан кейінгі донор — 18 жастан асқан адам, оның мүшелері немесе тіндері реципиентке трансплантациялау үшін пайдаланылуы мүмкін мидың өлімі анықталған адам бола алады. Донор еш патологиясыз, қатерлі және жұқпалы аурулары, қант диабеті және өзге де созылмалы аурулары жоқ органдарға ие болуы керек. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес адам ағзаларын және тіндерін сатып алу және сатуға болмайды. Тыйым салынған шартты бұзған жағдайда заңмен қудаланады.