Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың екінші республикалық форумында сөйлеген сөзінде маңызды құндылықтардың бірі-туған елге жанашырлық екенін айтып,экология мәселесіне айрықша мән берді.
«Қоғамда тазалық мәдениеті орнығуы қажет.Осыған орай,биыл елімізде «Таза Қазақстан» жобасы қолға алынды. Бұл-өте маңызды бастама. Аймақтарда ауқымды экологиялық шаралар атқарылып жатыр.Жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде айқын көріне бастады. Шетелден келген қонақтар елді мекендеріміздің ерекше тазалығына назар аударуда. Тіпті, мұны басқа жұртқа үлгі етіп,әлеуметтік желіге жариялап жүрген туристер бар. Әрине, шетелдіктердің мақтағаны жақсы.Бірақ,тазалық өзгелерден бұрын өзімізге керек» ,-деген еді. Сонымен қатар тазалықтың халқымыздың қанына сіңген қасиетіне айналуы тиіс екендігіне назар аударып, тазалық пен тәртіптің өркениетті елдің басты сипаты екендігіне тоқталған болатын. Жыл он екі айға жалғасатын шараға талдықорғандықтар да ерекше үлесін қосуда.
Қызылтас жотасының бойында «Таза Қазақстан» экоакциясы өтті. Оған барша тұрғындар қатысып, мемлекет қорғауына алынған бірегей петроглифтері бар тарихи орынды түрлі қалдықтардан тазалап,мәдени мұраны сақтауға үлестерін қосты. Сондай ақ, қала жұртшылығы ел аузында кейпіне қарап «Тасбақа» атанып кеткен тас пен жертастағы көне жазулардың бедерлерін мұқият тазалап,құндылықтардың маңызын арттыруға қатысты. Қазіргі таңда облысымызда «Тасбақа» тасты жергілікті одан кейін облыстық маңызы бар ерекше қорғалатын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізілген.