Шекарашыларға Раджан Батырхановтың ерлігін үлгі етті

5

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында «Застава тарландары» республикалық қоғамдық  бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының төрағасы запастағы полковник Николай Мечетинмен кездесу өтті.

Кезекті тақырып та ерекше — 1994 жылғы қыркүйек айында Тәжік-Ауған шекарасында орын алған қарулы қақтығыста қаза тапқан Раджан Батырхановтың ерлігі туралы.

Ардагердің айтуынша, мектепті бітіре сала әскер қатарына қабылданған оғлан 19 жаста ғана болыпты. Жастығына қарамай, өзге елдің шекарасында қарулас достарын аман алып қалу үшін кеудесін оққа төсейді. Өкінішке орай, өзі отты нүктеден аман шыға алмай қалады. Ерлік ел мен жерді, уақыт пен жасты таңдамайды деген осы шығар…

Жас өреннің қайтпас қайсырлығын жоғары бағалаған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Раджанды І дәрежелі «Спитамен» орденімен марапаттайды. Жанкешті ер жүректігін өз ұлтына үлгі қылады. Себебі, «Қазбат» сарбазының ерлігінің үлгісі мәңгілік.

Запастағы полковник Николай Мечетин қандасымыздың қажет кездегі ерлігін айта отырып, шекара сақшыларын өз елінің патриоты болуға шақырды. Туған жердің жарқын келешегі үшін бойларындағы бар күштерін аямауға үндеді.

                      ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз