Жетісу облысының орталығында 2013-2021 жылдар аралығында 1200-ден астам баспана заңсыз үлестірілген. Осыған байланысты қазір қала әкімдігі, облыстық, қалалық прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өкілдері мәселенің анық-қанығын анықтауда. Бұл туралы Талдықорғандағы Журналистер үйінде өткен баспасөз жиынында қала әкімі Әсет Масабаев мәлімдеді.
Шаһар басшысының айтуынша, аймақта баспана жайы қазір өте өзекті мәселе болып тұр. Заңсыз берілген пәтерлер бойынша бірнеше жылдан бері ешқандай ақы төленбеген. Сонымен бірге азаматтардың мәртебесі де сұрыпталмаған. Өткен жылы заңсыз берілген пәтер саны 1026 болса, соңғы үш айдың ішінде олардың саны 1218-ге жеткен. Оған себеп 2016-2018 жылдар аралығында жетімдерге берілген 60, денсаулық сақтау саласының мамандарына берілген 60, көпбалалы аналарға берілген 72 пәтер анықталды. Олардың ешқайсысының құжаттары рәсімделмеген. Қазірге 59 үй кері қайтарылып, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға берілген 500-ге тарта баспана заңдастырылған. Ал, қайтарылған пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға берілмек. Жалпы, Талдықорған қаласында пәтер кезегінде 15 мыңнан астам азамат бар. Осы уақытқа дейін 1700 адам еш себепсіз кезектен алынып қалған. Олардың 1333-і қайта кезекке қойылған.
— Бүгінде дәлелі бар, пәтерді кезекпен алып, тұрып жатқандардың құжаты тұрғын үй комиссиясы арқылы рәсімделуде. Құжаты барын дәлелдеген, бірақ мемлекеттік қызметкерлер тарапынан кеткен олқылықтар арқылы санаты расталмаған азаматтардың құжаты медиация арқылы, қолдарында құжаты жоқ, кезектен заңсыз алынғандардың құжаты сот арқылы заңдастырылуда, – деді Әсет Дүйсебекұлы.
Сөз кезегінде Жетісу облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тергеу басқармасының басшысы Айдос Жетпісбаев: — «Кезінде үйді оңды соңды үлестіріп, жекешелендіру құжатын жасаған мемлекеттік қызметкерлер жазасыз қалмайды. Бұл іске қатысы бар бұрынғы қалалық әкімдіктің бірнеше лауазымды қызметкері сот санкциясымен үйқамаққа алынды. Өзге деректер тергеу жүріп жатқандықтан жария етілмейді. Күдікті ретінде танылған азаматтарға 2013 — 2021 жылдар аралығында бірнеше пәтерді заңсыз шеттету фактілері бойынша айып тағылды», -дейді.
Ал, 2005, 2006 жылдары кезектен заңсыз түрде алынып тастағандарға пәтер берілген. Сондай-ақ, бүгінде басқа облысқа ауысып кеткен мемлекеттік қызметшілердің пәтері мемлекет меншігіне қайтарылуда.