Бүгінде еліміздің әр аймағында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы жалғасуда. Осыған дейін аталған қайырымдылық шарасы аясында жалпы ел аумағында тұрмысында қиыншылығы бар көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі, жетім-жесір жандардан қыруар адам баспаналы болған еді.
Рамазан айының алғашқы жұмасы күні Жетісу облысының бас имамы Алмас қажы Сағидоллаұлы қалалық «Тәубе» мешітінде жұма уағызы мен намазын жүргізумен қатар 634 ші баспананың кілтін табыс етті. Бұл жолғы баспана аймақтағы көпбалалы ана Элмира Ибырайымоваға бұйырды. Осыған дейін Элмираның жеке паспанасы болмаған. Көпбалалы анаға Талдықорғандағы Тәубе мешітінде жер үйдің кілті табысталды. Осы орайда өңір тұрғыны Сәрсенбай Дәуітұлы ақсақалға мұсылманның 5 парызының бірі болған үлкен қажылыққа арнайы жолдама берілді.
Өңірдің бас имамы Алмас қажының айтуынша, бұл үйді сатып алуға шаһардағы Тәубе мешітінің бас имамы тікелей ұйытқы болған. Жалпы облыс орталығындағы Тәубе және өзге де мешіттерде басқа да қайырымдылық шарасы үнемі қолға алынуда.
— «Көп түкірсе көл» деген. Алла сауапқа жазсын! Осындай игі шара, елімізде көп болуын тілеймін! Оразаларыңыз қабыл болсын!, — деп бас имам ізгі тілегін жеткізді.