ҚР Парламенті |Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдерінің Атырау облысының тұрғындарымен кездесуіне қатысты ойын білдірді.
«Қадірлі достар! Бүгін Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Атырау облысының тұрғындарымен кездесті. Ғалымдармен, жылу электр станциясы жұмысшыларымен, өндіріс қызметкерлерімен, мұнай-газ және химия өнеркәсібі саласының өкілдерімен кездесулерде олардың бейбіт атом идеясын белсенді қолдайтынын байқадық. Өңірдегі ғылым саласы өкілдері атом электр станцияларын салу еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға қолайлы жағдай жасайтынын айтып отыр. Сондықтан олар Мемлекет басшысының бейбіт атомды дамыту жөніндегі прогрессивті идеясын толығымен қолдайды. Әлемде АЭС энергиясы ғылыми-техникалық прогрестің кілті болып саналады. 2050 жылға қарай жаһандық ядролық энергия үш есе артады. Ал біздің ғалымдар Қазақстанның бұл мүмкіндікті жіберіп алып, әлемдік прогрестен артта қалмауы қажеттігін айтты»,-деп жазды Мәжіліс төрағасы өзінің Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, атом электр станциясының басты міндеті – бүкіл Қазақстанды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету. Штаб мүшелерімен кездесуде Атырау жылу электр орталығының жұмысшылары бұл мәселенің өзектілігіне баса мән беретінін жеткізді. Бүгінгі таңда Атырау облысы Ресейдің электр қуатына тәуелді. Бұл баға жағынан қымбатқа түседі, сонымен қатар аймақтағы өндіріске кері әсерін тигізеді.
Өңірдегі мұнай-газ және химия өнеркәсібі саласының өкілдері мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары сенімді әрі тұрақты энергия көзінің қажеттілігін көріп отыр. Жоғары технологиялы өндірістерді дамыту үшін мұнайлы өлке ретінде Атыраудың әлеуеті зор. Дегенмен энергия тапшылығы бүгінде кәсіпорындарға жаңа технологияларды іске қосуға мүмкіндік бермей, оларды жаңғыртуға кедергі келтіруде. Кәсіпкерлер мен мамандар бейбіт атом өңірге тың серпін беріп, ірі маңызды жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенімді.
«6 қазан күні еліміздің даму бағдарын бәріміз бірігіп анықтайтын боламыз. Бұл күні қазақстандықтардың басым бөлігі өрлеу жолын, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін таңдап, Атом электр станциясын қолдап дауыс беретініне сенімдімін!»,-деп жазды Е.Қошанов.
https://kaz.inform.kz/news/erlan-koshanov-aes-kurilisi-turali-2050-zhilga-karay-zhaandik-yadrolik-energiya-ush-ese-artadi-f0f7db/