Бүгін Талдықорғанда «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған заманауи волейбол орталығының, спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үйдің салтанатты ашылуы өтті. Мұндай жаңа орталықтың Қазақстанда баламасы жоқ екенін айта кету керек. Волейбол орталығында ерлер мен әйелдер құрамаларының негізгі командалары, жастардың қос командалары үшін екі бөлек жаттығу залы бар.
– Мемлекет басшысы бізге бұқаралық спортты дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау міндетін жүктеді. Осы орайда, «Жетісу» клубы үшін заманауи волейбол орталығының ашылуы спортшыларымыздың кәсіби өсуіне, өзіміздің жас кадрларды тәрбиелеуге қолайлы жағдай туғызуда. Алдағы уақытта «Жетісу» волейбол клубының Академиясын құрамыз. Оған орта мектептерден волейболға қабілеті бар балалар іріктеліп алынады. Бұл академияда олар жалпы білім беру бағдарламасын меңгеріп қана қоймай, волейболмен қарқынды түрде айналысатын болады. Осылайша біз өз ойыншыларымызды, болашақ чемпиондарымызды кезең-кезеңімен тәрбиелейтін боламыз, – деді облыс әкімі Б. Исабаев.
Аймақ басшысы волейбол орталығы жергілікті бюджеттен, ал спортшыларға арналған тұрғын үй инвестордың қаражатына салынғанын атап өтті. Бейбіт Исабаев салтанатты жиынға қатысқан кәсіпкер-меценат Кеңес Рақышевқа Жетісудағы бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін облыс тұрғындары атынан алғысын білдірді.
Аймақ басшысы өз сөзінде, спорт ұйымдары мен жекелеген спортшылардың коммерциялық кірістерін арттыру арқылы нәтижелерді жақсартуға және қолдауды тартуға мүмкіндік беретін кәсіби спортты кезең-кезеңімен коммерцияландыру жоспарларын атап өтті.
Волейбол орталығының лента қию рәсімі салтанатты түрде өткен соң, қонақтар жаңа нысанның ішін аралады.
Ашылу салтанатына еліміздің абыройын халықаралық аренада асқақтатқан белгілі спортшылар қатысты. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегері Мәулен Мамыров, «Қазақстан Барысы» атанған Ұлан Рысқұл, «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс жүлдегері, қазақ күресінен Әлем чемпионы Руслан Әбдіразақов, «Жетісу» кәсіби волейбол клубының бұрынғы ойыншылары және спорт ардагерлері Карина Ишимцева, Ольга Данченко, Марина Андреева, Татьяна Пюрова, Карина Татколар бар.
«Жетісу» кәсіби волейбол клубының директоры Нияз Жантілеуов волейбол орталығы жоғары кәсіби деңгейдегі жоғары сапалы материалдық-техникалық базасымен ерекшеленетінін айтты.
– Волейбол – спортшылар үшін физикалық тұрғыдан қиын, кең ауқымды қозғалыстарды қажет ететін спорт түрі. Сондықтан бұл спортпен айналысу үшін спортшыларға жоғары сапалы еден қажет. Ең бірінші, еденен спортшы жарақат алмауы керек. Еден жұмсақ, соққыға төзімді болғаны жөн. Міне, жаңа орталықта осы ең маңызды талап бірінші кезекте орындалады. Еден Франция қаласынан жеткізілді. Мұнда барлығы да халықаралық олимпиада талаптарына сай, – деді Н. Жантілеуов.
Әйелдер волейбол командасының ойыншысы Яна Рахматуллина да өз әсерімен бөлісті:
– Біз осы жаңа залда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Зал, әрине, өте жақсы, жарық, ыңғайлы, кең. Едендер ыңғайлы, терафлекс тайғақ, бұл ойыншылар үшін маңызды. Бұрын біз «Жастар» спорт сарайында жаттығатынбыз. Ол жақта жақсы жағдай бар. Бірақ басқа спорт түрлерінен жарыс өткенде жаттыға алмаймыз. Жаттығулар санын азайту, әрине, жалпы команданың дайындық сапасына әсер етеді. Енді өз орталығымызда өзіміз емін-еркін, кез келген уақытта жаттығуымызды жасаймыз. Бұл клубтың кәсіби жетістіктеріне оң әсер ететініне сенімдімін. Ең бастысы – жақын жерде спортшыларға арналған үй де салынғаны өте ыңғайлы, – деді спортшы.
Жаңа волейбол орталығында екі жаттығу бөлмесі бар. Яғни, әйелдер мен ерлер командалары бөлек жаттығады. Волейбол орталығының үш қабатты ғимаратының жалпы ауданы 2,3 мың шаршы метрден асады. Волейбол орталығының 1-қабатында жаттығу залы, 2-қабатында жаттықтырушылар бөлмесі, киім ауыстыратын бөлмелер, емдеу-массаж, душ кабиналары, ал 3-қабатта жаттығу залы мен әкімшілік кабинеттер орналасқан.
Спортшыларға арналған тұрғын үй ғимараты 41 орынға арналған. Жалпы ауданы 3 мың шаршы метрден асады. Жертөлелері бар төрт қабатты ғимараттың 2 кіреберісі бар. Бірінде 12 бір бөлмелі, 3 екі бөлме бар. Бұл бөлмелерге шағын отбасылар қоныстануға болады. Екіншісінде 26 бөлме бар. Үйде барлық қажетті санитарлық-тұрмыстық құрал қамтылған. Оның ішінде ас үй мен кір жуатын, жуынатын арнайы бөлмелер де қарастырылған.
Жалпы, Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында биыл облыста 17 жаңа спорт нысанының құрылысы жүргізілуде, соның ішінде 5-і пайдалануға берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі