Жетісуда биыл жеміс бақтарынан шамамен 40 мың тонна өнім жиналады

84

Жетісу облысының бағбандары алма жинау науқанын аяқтауға жақын. Бүгінде өңірде 28 мың тоннадан астам жеміс жиналса, соның 16,2 мың тоннасы — алма.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдегі бақтардың жалпы ауданы 4,8 мың гектардан асады, оның басым бөлігі, яғни шамамен 3,3 мың гектары алма бағы. Бұл ретте қарқынды бақтар 1 мың гектар жерді алып жатыр. Жалпы биыл 40 мың тонна көлемінде жеміс жиналады деп күтілуде.

Осы орайда Текелі қаласы — табиғи-климаттық ерекшелігі жағынан алма бақтарын өсіруге қолайлы аймақтың бірі. Қаладағы бақтардың жалпы ауданы 172 га болса, соның 126 гектарына алма ағаштары егілген. Сол қатарда «Алма-Дария» шаруа қожалығының жас алма бағы да бар.

— Қазір біздің бағымызда әр түрлі сортты 1500-ден астам жас алма ағаш өсіп тұр. Атап айтқанда, апорттың екі түрі, Золотое превосходное, Талғар кандилі, Восход, Алматы синапы және басқа да алма түрлері бар. Бұл алма бағын 2013 жылдан отырғыза бастадық, Алматыдан жас көшеттер алып келдік. Сондықтан біздің бақты жас деуге болады, өйткені кейбір сорттар отырғызылғаннан кейін 6-8 жылдан соң алғашқы жемісін бере бастайды. Әзірге бұл біз бұл бақтан тек екінші рет қана өнім жинап отырмыз, өйткені өткен жылы ауа райы өнімге қолайсыз болды. Алма сақтайтын арнайы шағын орнымыз бар. Өнім көлемінің артуына қарай Алматы, Талдықорған, Өскемен қалаларында алма сатуды жолға қойсақ деп жоспарлап отырмыз. Қазір бақтың жалпы ауданы — 3,5 га, — деді «Алматы-Дария» ШҚ қызметкері Камиля Әкежанова.

Бақтың едәуір бөлігін алманың кеш пісетін сорттары алып жатыр.  Өнімнің бір бөлігі қоймада болғанмен, бақшадағы жиналатын алма әлі де бар. Атап өтсек, биыл өңірде алма бақтарының шығымы жақсы.

Жалпы осы жылы алма атаулының атасы Сиверс алма ағашының гүлдеуі бес балдық көрсеткішке жеткен, мұндай жаппай гүлдеу соңғы бірнеше жылда байқалмаған болатын.

Негізінен аймақта Сиверс алмаларының қоры жыл сайын толықтырылып отырылады. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық паркінің қызметкерлері тұрақты негізде жабайы алма ағашы көшеттерінің көлемін ұлғайту жұмыстарын жүргізіп, ғылыми ізденістерінің нәтижесінде жыл сайын 30 гектар жерге жас көшеттер отырғызуда.

Еске салсақ, Жетісу облысында «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалін жыл сайын әртүрлі форматта өткізу дәстүрге айналған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз