Жетісуда Қора ГЭС-і сынақ режимінде жұмыс істеуге кірісті

70

Жетісудың Қора өзенінде салынған ГЭС – облыс аумағында биыл құрылысы жүргізілген 3 су электр станциясының бірі. Осы жылдың қазан айының соңында іске қосылатын нысан қазір сынақ режимінде жұмыс істеуге кірісті.

Өңірде белгіленген қуаттылығы 210,5 МВт болатын, жаңартылған энергия көздерін өндіретін 15 нысан бар десек, биыл Ескелді мен Сарқан аудандарындағы үш ГЭС солардың қатарын толықтырмақ. Соның ішінде Ескелді ауданында «АСПМК-519» ЖШС салып жатқан «Қора ГЭС-інің құрылысы» жобасы аяқталуға жақын.

— Станцияның жалпы қуаттылығы 29 МВт. Барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, гироқұрылғылар толығымен орнатылды. Гидроагрегат кабельдері мен кабель жүйелерін тарту аяқталуға жақын. Қазіргі кезде іске қосу мен ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Үш агрегат сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, — дейді Қора су электр станциясының басшысы Ілияс Хамитов.

Атап өтсек, станцияның жабдықтары түгелге дерлік Аустрия елінен жеткізілген. Сондықтан да нысанды сол елдің мамандары онлайн режимде іске қосып, тексеруден өткізуде, ал жергілікті мамандар әзірге бақылап отыр. Бүгінгі күні 21 тұрғын жұмысқа қабылданған. Шетелдік компания өкілдері жергілікті мамандарды станцияның жұмысын бұдан әрі жүргізіп алып кетуі үшін оқытып, үйретуде.

— Электрик мамандығы бойынша 28 жылдық тәжірибем бар, ал Текелі қаласында тұрып жатқаныма 19 жыл болды. Қора ГЭС-і салына бастағаннан осында кезекші электрик болып жұмысқа тұрдым. Мұндағы міндетіме сай судың келу деңгейін, генераторлардың жұмысын, қанша электр қуатын өндіріп жатқанын тұрақты бақылап отырамын. Аустриялық мамандар құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда да, станцияны іске қосып тексеру барысында да құрылғылармен қалай жұмыс істеу керектігін, жүйені алыстан басқаруды үйретіп отырды. Оған қоса 2-3 ай көлемінде арнайы сабақтар өткізді. Жаңа әрі жоғары деңгейдегі құрылғылармен жұмыс істеу өте ыңғайлы, қиындығы жоқ, жылдам меңгеріп алдық, — дейді Қора ГЭС-інің кезекші электригі Мәжит Нарзуллаев.

Жалпы баламалы энергетиканы дамыту — Жетісу облысының инвестициялық тартымдылығында басымдық берілетін бес бағыттың бірі. Осы орайда өңірде 2026 жылға дейін белгіленген қуаттылығы 84,7 МВт болатын тағы 8 нысанды іске асыру жоспарланып отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз