Жетісу облысында туберкулезге қарсы күрес айлығы өткізілді

413

Журналистер үйінде «Туберкулездің алдын алу және қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы» БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті.  Талдықорған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәкен Мелдебаев пен Жетісу облысы фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары Ертай Көбелдесов аталмыш аурудың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар турасында баяндады.

 2021 жылы Талдықорған қаласы бойынша туберкулездің 46 жағдайы тіркелді, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 74-ке жетті. Одан бөлек, тыныс алу мүшелерінің нашарлауымен 66 адам ауруханаға жүгінген.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында туберкулезбен сырқаттанушылықтың 15-і  тіркелді, оның  ішінде балалар арасында 2 жағдай бар.

«Біздің тарапымыздан, барлық  тіркелген  үй  және ұйымдасқан  ошақтар  тексеріліп, туберкулез ауруының алдын алуда эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылып, қарым-қатынаста болғандар флюорографиялық және зертханалық тексерістен өткізіледі. Туберкулез ауруының алдын алу шараларын, бұйрықтардың талаптарын орындау барысында  ошақтарға тексерілу жүргізіліп, бұзушылыққа қарсы айыппұл салынды.  Бұл  аурдың алдын алу мақсатында  4 семинар сабақ өткізілді», – деді Сәкен Жамбылұлы.

 Осы 2023 жылдың  23 ақпаннан-23 наурызына дейін туберкулезге қарсы күрес айлығы жүргізілді. Осыған орай, 17 наурызда Талдықорған қалалық емханамен бірлесіп,  қалалық  емхананың  алдында  туберкулезге қарсы акция ұйымдастырылды.

«Барлық колледждерде туберкулез ауруының алдын алуда семинарлар өткізіліп, онымен күрес жөнінде роликтер көрсетілді.  Медициналық ұйымдармен 2  медициналық кеңес отырысы өткізілді. Қала тұрғындарымен  24  дәріс, 70 әңгімелер жүргізілді, мектептерде, мекемелерде  денсаулық бұрышы ұйымдастырылды, туберкулез ауруының алдын алуда оқу орындарында  роликтер көрсетілді  және 3 сауда үйлерінде ай сайын радиоторап арқылы туберкулездің алдын алу жөнінде сұхбат берілді», — Талдықорған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.

Ең тиімдісі ауруды алдын алу. Балаларда аурудың негізгі профилактикасы -вакцинация. Бірінші  егу  бала туылғаннан кейін 2-4  күннен соң перзентханада, содан кейін 6 жаста қайтадан жасалады. Ал флюорографиялық тексеріс 15 жастан бастап жүргізіледі.

«Туберкулездің алдын алудың жалпы ережесі бойынша, жылына бір рет терапевт немесе фтизиатр туберкулезге тексеруден өту қажет. Салауатты өмір салтын ұстану.  Бұл  шаралар  денені  табиғи  жолмен нығайтады  және иммундық  жүйедегі  сәтсіздіктерді  болдырмайды. Дұрыс  күн  тәртібі, қалыпты жұмыс кестесі, тынығумен үйлесетін психикалық және физикалық белсенділіктің тепе-теңдігі. Майлардың, көмірсулардың, ақуыздардың қажетті мөлшерінің болуымен,  тұрақты, уақтылы, дұрыс тамақтану  –  бұл біздің иммунитетіміздің реактивтілік деңгейін арттырудың негізі», – деді  Ертай  Тілеутайұлы.

Туберкулезді диагностикалаудың басым әдістерінің бірі – ауруларды  2 сағат ішінде анықтауға мүмкіндік беретін GeneXpert әдісі. Бұл ретте айта кету керек, туберкулезді диагностикалау және емдеу тегін.

 Дәрігердің айтуынша, туберкулез өте тез басталуы мүмкін. Одан айығу үшін дәрігердің бақылауымен  емдеудің  барлық курсын аяқтаған жөн. Дертті алты  ай  немесе одан да  көп  уақыт  емдеу керек.  Науқастар дәрігер тағайындаған препараттарды қабылдағанда  ғана,  ем өз нәтижесін береді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз