Сынақ полигонында өткізген әр күнім есімде

103

Ақпан айының 2-ші жұлдызында Талдықорған қаласының тұрғыны Абдірахпан (Әбітай) Рақышұлы 91 жасқа толғалы отыр. Ол – 1934-ші жылы қазақ халқының басынан өткерген нәубет кезеңде Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, онбірінші ауыл – Ворошилов атындағы колхозда дүниеге келген.

Қазақтың тарихындағы қилы заманды санадан оңай өшіре алмайсың. Қарияның балалық шағы екі миллионға жуық адамның өмірін жалмап, халықты ашаршылықтан әбден тұралатқан уақытқа сай келіпті. Оны кейіпкеріміз тебірене отырып, еске алады. «Үлкендердің айтуынша, 1932, 1933, 1934 жылдары өте қиын болыпты. Ашаршылықтан, аурудан халық қатты күйзелген. Мен 7 жасқа толғанда «Герман басқыншылары Совет жеріне кірді» деген суық хабарды естіген ауыл азаматтары соғысқа аттанды. Колхоздың барлық жұмысы әйелдер мен балаларға қалды. Шешемізге бекітіп берген өгізге мініп жер жыртып, сабақ басталғанша көмектесетінбіз. Тапқан еңбекақыларының жартысын, тоқыған қолғап, шұлықтарын соғысқа жасаған көмегіміз деп ауыл советіне жазғызып беріп отырды. Колхоздың барлық жұмысына балалар белсене араласып, жұмыс жасап жүрдік. 1954 жылы 10-шы класты бітіртпей Армия қатарына алындым. Бұл күн декабрьдің 4-і болатын. Қар қалың жауған.Таңертең Қапалдан 20 бала сап түзеп жаяу жүріп, Қызылағашқа келіп қондық. Ертеңгісін Алажидеден поезға отырып, Үштөбенің военкоматына орналастық. Бірақ, басқа жақтан шақырылған балаларды тосып үш күндей сонда жатып қалдық. Үш күннен соң жиналған балаларды әскери бөлімнен келген офицерлерге өткізіп берді. Түсте шыққан поезымыз келесі күні кешкісін Жаңа Семейге жетті. Осы жерден түсіп, кешкі тамақ ішкеннен кейін палатка жабылған көлікке отырғызып, түнгі сағат 3-те әскери бөлімге алып келді. Тамақ ішіп шыққаннан соң моншаға түсіп, форма киіп, нағыз солдат болдық. Бір ай карантинде ұстады. Карантиннің мерзімі аяқталған соң сапқа тұрғызып, әр ротаға бөлді. Рота командирлері қабылдап алып, әскери қызметіміздің мән-жайымен таныстырды. Мен бірінші ротаға түстім. Біздің ротаның істейтін жұмыстары салынып жатқан обьектілерді, қоймаларды, бетон заводын, құрылыс материалдарын күзету. Басқа роталар аэродромның алаңын тегістеу, үстіне салатын арматураларын байлап, төсеумен айналысты. Оған үш рота бөлінген. Екі рота бетон заводында арматура байлап, 50х50 көлемінде үш бұрыш етіп төсейді. Төселіп болған соң бетон құяды. Бір күнгі байланған арматура – 24 ДТ трактордың салмағына тең екен. Шетінен «сен тұр, мен атайын» деген мықты жігіттер. Шаршап, шалдықпай өздеріне берген тапсырманы мүлтіксіз орындауға бар күшін салады. Сынақ полигонында күн аралатып жарған бомбаның саңырауқұлаққа ұқсас түтінін көреміз. Бұл жарылыстар кішігірім жарылыстар екен. Бір күні полк штабының туын күзетіп тұрғам, самолеттің даусы естілді. Кезекші офицер жүгіріп далаға шықты да лента байланған пакет ұстап қайта кірді. Күзеттегі кезегімді ауыстырып, солдаттармен түскі тамаққа барғанмын. Кезекші офицер келіп, бәрімізге ертеңгісін сағат 12-де қатты жарылыс болады деп ескертіп кетті. Келесі күні сағат 11-де роталарды саппен әскери бөлімнен бір шақырым сыртқа апарып, ашық далаға жатқызды. Мен саптың артқы жағындамын рота командирі «Қозғалмай жатыңдар!»– деп команда берді.

Жер бауырлап жата кеттік. Бір мезетте қолтығымның астынан артыма сығаласам жауыннан кейінгі кемпірқосақтың шеңберіндей қып-қызыл от аспанға көтеріліп барады. Біткен жеріміз осы екен деп дыбыс шығармадым. «Тұрыңдар!» деген команда болғанда қорқа-қорқа түрегелдік. Көрген отым жоқ. Бұл жарылыс маусым айында болды. Келесі бір айдан кейін екінші жарылысты күннің ашығында жарды. Жарылыс кезінде күннің жарығындай үш есе жарық сәулені көрдік. Түсі сап-сары. Осылайша сол әскери бөлімнен, бір ротадан ешқайда ауыспай, үш жыл Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, 1957 жылы желтоқсан айында ауылыма аман-есен оралып келдім»,- дейді ақсақал. Семейдің сынақ алаңынан сағы сынбай туған жеріне оралған жас жігіт алғашқы еңбек жолын колхозда ағаш шебері болып бастады. Жүрегі қалаған бойжеткенмен 1958 жылы отбасын құрып, дүниеге балалары келді. 6 перзентін тәрбиелеп, оқытып әрқайсысына таңдаған мамандықтарын игеріп, дипломдарын алуға барынша көмегін берді. Ұлы мен екі қызы бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Өздері де ата-әже атанып, ұрпақ тәрбиелеуде. Абдірахпан ата 1968 жылы партия қатарына өтіп, колхозда қойма меңгерушісі, кейін колхоздың ішкі шаруашылығының басшысы етіп сайланады. 1967 жылы колхоз басқармасы, кәсіподақ ұйымы «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Ұлы Отан соғысының 75 жылдық медалімен, «Тыл ардагері» медалімен және «Семей полигонының ардагері», т.б медальдармен марапатталған. Семей ядролық сынақ полигоны ұйымының, қала әкімінің Алғыс хаттарын иеленді. «Міне осы өткізген өміріме дән ризамын. Ұрпақтарымның,ел жұртымның, тілек білдірген туыс бауырларымның арқасында 90 жасқа келіп, дербес пенсиямды алып,жемісін жеп отырмын. Сынақ полигонында әскери міндетін өтеген азаматтардың еңбегін бағалап, 2023 жылы қыркүйек күні Ардагерлер паркінен ескерткіш ашылды.Оған атсалысқан барлық азаматтарға алғысым шексіз»,- дейді ақсақал. Абдірахпан ата 2018 жылдан бері Семей ядролық сынақ полигоны ұйымының мүшесі. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруден еш жалыққан емес.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз