Маманның сөзінше, министрлікке қарасты екі мықты институт бар: Ядролық физика институты және Ұлттық ядролық орталығы.
Еліміз уран өндірісі бойынша әлемде көш басында тұр. Оның қоры бойынша Аустралиядан кейін екінші орындамыз. Референдум нәтижесінде АЭС салу құпталса, мамандар станцияны толықтай отынмен қамтамасыз ете алатынымызды айтады. Кадр даярлау маңызды. Қазірдің өзінде 4 мыңнан астам студент білім алып жатыр.
Дауылға, су тасқынына, жер сілкінісіне төзімділік – мұның бәрі жаңа буын ІІІ+ станциясын салу кезінде ескеріледі. Қазір Қазақстанда атом электр станциясын салуға 4 мемлекеттің компаниясы ниетті. Олар – Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей. Төртеуі де әлемдегі ең көп АЭС-і бар елдер қатарына кіреді. Франция мен Қытайда 56, Ресейде 36, Оңтүстік Кореяда 26 станция жұмыс істеп тұр. Барлығы да апат қаупін барынша азайтатын көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Отандық ғалымдар еліміздегі АЭС-ті қай вендор салса да, бізге тиімді деп отыр. Бастысы елімізде шығатын отынды пайдалану қажет деп талап қою керегін айтады. Сонда энергия бағасы әлемдегі ең арзан қуат көзі болмақ.
Бұл туралы ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК Бас директоры Саябек Сахиев:
– Мен ең арзан баға болатынына сенімдімін. Еліміз уран қоры бойынша Аустралиядан кейін екінші орында. Бас кезде вендор өз елінде шығарылған отынды әкелетіні сөзсіз. Кейіннен біздің отынды пайдалануы керек, – дейді.
Атом электр станциясын салып беретін вендорға тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің мамандарды даярлауға басымдық берілмек. Сондай-ақ ауқымды жұмысқа жергілікті өндірістер мен жұмыс күші тартылады. Мұны сарапшылар да растап отыр.
– Бізде АЭС-ті басқара алатын кадрлық әлеует тапшы деп айтуға болмайды. Министрлікке қарасты екі мықты институт бар: Ядролық физика институты және Ұлттық ядролық орталығы. Бұдан бөлек, еліміздегі басқа да жоғары оқу орындарын жыл сайын жас мамандар тәмамдап жатыр, – дейді ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин.
Қазір еліміздегі уран қоры дүниежүзіндегі жинақтың 14 пайызын қамтиды. 2009 жылдан бері Қазақстан әлемдік өндірістің 40%-ға жуығын шығарып, уран өндіруде әлемдік көшбасшы елге айналды. Елімізде 900 мың тоннадан астам уран бар. Шетелдік сарапшылар осындай қоры мен ғылыми әлеуеті бар Қазақстан ұзақ жылдар бойы АЭС-ті уранмен қамтамасыз ете алатынын айтады.