Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровпен кездесіп, өңірге инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Облыс басшысы алдымен Жетісу өңіріне инвесторларды тартуда басымдық берілетін стратегиялық бағыттарды, соның ішінде әсіресе агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика, жер қойнауын пайдалануды дамыту бағыттарын атап өтті. Сол сияқты екі арнайы экономикалық аймақ – «Достық» және «Қорғас» шекаралық аймақтарының мүмкіндіктері туралы баяндады.
— Жетісу — инвестиция тартуға өте қолайлы өңір. Қытаймен шекаралас экономикалық аймақтарда көлік-логистикалық бағытты жандандыру, өнеркәсіп аймағын дамыту, сауда-саттықты өркендету бағытында көптеген жобаларымыз бар. Қазір «Қорғас» аймағына газ тарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Көксай мыс кен орнында құны 1,4 трлн. теңге болатын ауқымды жоба іске асырыла бастады. Жасыл энергетика бағытында да тартымды бастамалар бар, — деп атап өткен Б.Исабаев бүгінгі кездесудің өңірге инвестиция тартуда оң ықпалы болатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Жетісу облысының инвестициялық потенциалын іске асыру нәтижесін 2-3 есеге көтеруге болатынын жеткізіп, бұдан әрі аймақтарға инвестиция тарту жұмыстары туралы баяндап беруді министрліктің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловқа ұсынды. Ғ. Оспанқұловтың айтуынша, қазір елімізде Халықаралық цифрлық инвестициялық платформа әзірленіп, іске қосылған. Онда елімізде шетелдік инвесторлармен бірігіп жүзеге асырылу көзделген инвестициялық жобалар туралы мәліметтер орналастырылып, жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жасалып, өңірлер рейтингі түзіліп отырады. Сонымен қатар бұл платформада шетелдік инвесторлар өз ұсыныстарын қалдыра алады. Бұл ұсыныстар тиісті орган тарапынан қарастырылып, инвестормен байланыс орнатылады. Платформа әлі де жетілдірілу үстінде. Сонымен қатар бұған дейін Талдықорғандағы «ASMA industrial» кәсіпорнында болған министрлік өкілдері зауыт базасында аккумулятор батареяларының кластерін құруға мүмкіндік бар екенін тілге тиек етіп, болашақта жаңа кәсіпорынмен осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін айтты.
Жиын қорытындысында Бейбіт Исабаев облысқа инвестиция тарту бағытында министрлік басшылығына нақты үш ұсынысын жеткізді:
— Біріншіден, бізге жүгеріні терең өңдейтін зауыт қажет. Осы салаға қаржы құюға ниетті инвесторлар іздейміз. Жетісудың жері жүгері өсіруге өте қолайлы. Егер зауыт салынса, оны шикізатпен өңір шаруашылықтары толық қамти алады. Екіншіден, өңірге құс фабрикасы керек. Облыста қазір 1 ғана құс фабрикасы бар, оның өзі тек жұмыртқа бағытында жұмыс істейді. Үшіншіден, балық өңдеу саласына да инвестор тарту өзекті. Сіздер тарапынан осы үш мәселеге ерекше назар аударылып, әлеуетті инвестор тарту жағынан қолдау көрсетілсе дейміз, — деді Б. Исабаев.
Инвестиция тарту мәселесіне қатысты осы және өзге де бағыттарды талқылаған қос тарап кездесудің нәтижелі болатынына сенім білдірісті.
Атап өтсек, Жетісу облысы құрылған сәттен бастап 89,4 млрд. теңге сомаға 86 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл 2,9% өсіммен 375 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 188,1 млрд. теңгені, НКИ – 151,7%-ды құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі