Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты қала ардагерлері арасында өткен қолөнер шеберлері байқауы қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды.
Жиынға жиналған қауым ең әуелі байқау қатысушыларының қолынан шыққан бұйымдар көрмесін тамашалады. Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нариман Естібайұлы «Біз әрқашан «Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Ардагерлер–еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шара осының дәлелі. Қазақ қолөнері халқымызбен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұра. Ендігі кезеңде сіздер де аталмыш ұлттық құндылықты өз балаларыңыздың бойына дарытып, насихаттап жүрсеңіздер деген ниет бар»-деді. Қолөнерді кәсіп еткен шеберлердің үздік туындылары жүлделі деп танылып, марапатталды.