Жетісу облысында өңірлік кадрлық резервке іріктеудің соңғы кезеңі өтті

138

Бүгін Жетісу облысында өңірлік кадрлық резервке іріктеудің қорытынды кезеңі өтті. Өңірлік кадрлық резерв комиссиясының құрылымдық сұхбатына алдыңғы кезеңдерден оң баға алған 32 азамат жіберілді.

Іріктеу кезеңдерінен өтіп, қорытынды сатыға жеткен үміткерлерді облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады.

— Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде тұңғыш рет әрбір облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың өңірлік кадр резервтерін қалыптастыру жобасы басталды. Жобаның негізгі мақсаты – болашақта басшылық қызметке келетін кадрлар буынын қалыптастыру, оған талантты, білімді, жаңашыл, ақылды жастарды тарту. Жетісу облысы бойынша құжаттарын ұсынған 300 үміткердің ішінен 32-сі барлық кезеңдерден өтіп, сұхбат кезеңіне жетіп отыр.  Бұл кезең барысында әрбір кандидат өзінің ұсынған жобаларының іске асырылу мүмкіндіктерін, мәні мен мақсатын, нәтижелерін ашып көрсетуі керек. Соның нәтижесінде 20 азамат іріктеліп алынатын болады. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Б.Исабаев.

Облыс басшысы төрағалық еткен комиссияның алдында таңдаған салалары бойынша өз жобаларын алдыңғы іріктеу кезеңінен өтіп келген 16 үміткер қорғады. Бейбіт Исабаев қорғалған жобаларға қатысты үміткерлермен пікір алысып, жобалардың тиімділігін арттыру бағытында оларға өзінің бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Еске салсақ, тағы 16 үміткер өздері ұсынған жобаларын кеше таныстырған болатын.

Отырыс қорытындысы бойынша 20 азамат Жетісу облысының кадрлық резервіне алынады.

Атап өтсек, бұған дейін өткен кандидаттардың өтінімдерін қабылдау, заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу, құзыреттерді бағалау кезеңдері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының базаларында ұйымдастырылған болатын.

Жалпы өңірлік резервке іріктеуге қатысуға құжаттарды тапсыру сәтінде жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі жəне үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі. Резервте тұру мерзімі – 2 жыл. Резервке алынған азаматтар облыстың жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда конкурстық іріктеусіз орналаса алады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз