Білім берудегі цифрлық инновациялар

218

Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Оқу жұмысы үш мәселеге тіреледі: бірі – қаражатқа, бірі – құралға, бірі – мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу ауытқымай, түзу жүреді. Ол үшеуі тең болмағанда оқу жұмысы аумалы жүк сияқты, орнықсыз» — деген екен. Ағартушының осыдан бірнеше уақыт  бұрын  айтқан бұл тұжырымы мемлекетіміздің білім беру саласындағы саясатының негізгі бағыты десек, артық емес. Сондықтан да, жалпыға міндетті орта білім беру үшін қомақты қаржы қаралып, түрлі мүмкіндік  жасалуда.

«Білім берудегі цифрлық инновациялар» атты дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Бұл әр оқу жылы алдында білім саласындағы өзекті мәселелерді анықтап, саланың дамуына талдау жүргізіп, мақсат-міндеттерді  айқындайтын басты жиын. Білім саласын дамыту – халықтың болашақтағы әл-ауқатын арттырудың, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болудың, кемел келешектің алғышарты. Аталмыш жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстың бала құқығы жөніндегі өкілі, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, Жетісу облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің және облыстық білім беру ұйымдарының, білім бөлімдерінің басшылары мен БАҚ өкілдері арнайы қатысты. Негізгі бөлімде алғашқы болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов  өткен оқу жылының қорытындысын саралап, жаңа оқу жылына цифрландыру технологияларын енгізу жағдайында білім беру жүйесін дамыту міндеттерін айқындады.  «ҚР білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы Ұлттық баяндамасын,  білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру бойынша облыста жол картасы әзірленіп, бірқатар  шешуді қажет ететін мәселелер бойынша  тиісті шаралар қабылдануда. Жаңа оқу жылында білім саласына цифрландыру бағытында бірқатар жаңалықтар енгізіледі. Әлеуметтік осал топтағы оқушылар үшін 137 мектепте «Цифрлық ұстаз» жобасы іске қосылып, мектеп оқушыларының білімге құштарлығын арттыратын пайдалы контент жинақталады»-деп атап өтті. Аймақ бойынша білім берудегі цифрлық трансформация жұмыстары кешенді жүргізілуде.  Мектептерге кіріп-шығу, тамақтану төлемдері, оқушыны сәйкестендіру, оқу материалдарына шұғыл қол жеткізу сияқты ID-сәйкестендіру жүйесіне жаңа оқу жылында 69 мектеп қосылады деп күтілуде. Қаламыздағы  №11 «Құлыншақ» балабақшасында  қауіпсіздікті сақтау мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға ықпал ететін QR-кодпен кіру пилоттық жобасы енгізілді, 1 қыркүйектен бастап 16  балабақша осы үлгіде цифрланады. Кеңесте белгілі болғандай, облыста  «BilimLand», «TestterKZ», «TopIQ», «Білімцентр», «Itest.kz», «Daryn.online» білім беру платформалары кеңінен қолданылады. Оған қоса электронды журнал жаңа оқу жылынан бастап «Kundelik.kz» жүйесінен отандық «BilimClass» жүйесіне көшіріледі. Қазақстандық мамандар даярлаған бұл жергілікті өнімді пайдалану мемлекет үшін де, ата-аналарға да тегін. «BilimClass» тек электронды журнал ғана емес, цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізе алатын мектепті басқарудың кешенді отандық жүйесі болмақ. Тағы бір атап өтерлігі, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету мен жемқорлықтың алдын алу мақсатында жыл басынан білім беру ұйымдарының қаржылық жүйесі «Фаворит» платформасына көшті.

Облыс әкімі жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, дәстүрлі тамыз конференциясын қорытындылады. «Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Биыл облысымызда 129 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтіп отырмыз, оның ішінде 13 мыңға жуығы мектеп табалдырығын аттағалы отырған 1-сынып бүлдіршіндері. Өздеріңіз байқап отырсыздар, бұрынғыдай 1 жылдың ішінде атқарған іс пен аздылы-көпті жетістіктерді атап мақтанып, проблемалық аспектілерді тасада қалдыратын уақыт өтті. Біз алдымыздағы өзекті мәселелердің бәрін  ашық айтып, жіберген кемшіліктерімізден қорытынды шығарып, алдағы уақыттағы бағыт-бағдарымызды айқындап алуға міндеттіміз. Менің алдымда баяндама жасаған азаматтардың сөзінен жаңа міндет, жаңашыл көзқарас байқалып отыр. Себебі, кез келген мемлекеттің гүлденуі, экономикасы мен қоғамының дамуы мемлекет азаматтарының, жастары мен балаларының саналы, білімді болуы мен мәдениетінің деңгейін, ІQ ақыл-парасатына тікелей байланысты. Ал оның бәрі кішкентай кезден бастап мектептегі сапалы білім, саналы тәрбие алуымен бойына сіңеді. Біз жаһандық озық үрдіске ілесіп отыруымыз керек. Сондықтан да облыстағы білім сапасын арттыруға, салаға цифрлық технологияларды кеңінен енгізуге, жаһандық трендтер мен ұлттық бастамаларды үйлестіруге ерекше мән беріп отырмыз.  Біз мың жерден жаңа технологияларға толы нысандар салып, заманауи мектеп, жаһан сұранысына сай жабдықтарға толы кабинеттер ашқанымызбен сол дүниелерді меңгеріп, шәкіртіне лайықты түрде көрсете алатын, бағыт-бағдар беретін ізденімпаз ұстаз болмаса, атқарған іс құры есеп күйінде қалады», – деді. Материалдық-техникалық базасы нығайтылған мектептер, жаңа модификациядағы  пәндік кабинеттер сынды атқарылып жатқан шаралар білім сапасының артуына оң ықпалын тигізерін, бұл орайда сапа көрсеткіші тікелей ұстаздар қауымына байланысты екенін тілге тиек етті.  Жиын соңында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде қол жеткізген табыстары мен білім саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар педагогтар «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен  марапатталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз