Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес

140

«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Өйткені, ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», — деді Президент.

Мемлекет басшысы қазір еліміз дамудың жаңа сатысына қадам басқанын айтты.

«Біз соңғы 5 жылдың ішінде ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырдық. Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады. Ең маңызды бастаманың бірі – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл – мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам. Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы. Сондықтан біз ешқашан кері қайтпаймыз, тек алға қарай жүреміз. Біз экономикалық дамудың нақты бағытын айқындадық. Бір сөзбен, озық ел болу үшін ауқымды жұмысты қолға алдық», — деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлері тың бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндіруге зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

«Шын мәнінде, барлық реформаны өздеріңізбен бірге атқардық деуге болады. Бірақ өзгерістерді жүзеге асыру бір басқа, ал оны орнықтыру бір бөлек. Ол үшін қоғамдық сана түбегейлі жаңғыруға тиіс. Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында жалпыға ортақ құндылықтар туралы айтқанымды білесіздер. Мұның бәрі ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін айрықша маңызды. Ашығын айтсақ, осы құндылықтарды қоғам санасына орнықтыру журналистерге тікелей байланысты. Ақпарат өкілдері болмаса, оны жұртқа жария ету мүмкін емес. Сондықтан журналистер қауымы осы маңызды жұмысқа зор жауапкершілікпен қарайды деп сенемін. Біз әрбір сөзімізді қоғамды түзеуге жұмсасақ, болашағымыз да баянды болары хақ. Мен Құрылтай отырысында елімізге қатер төндіретін бес кеселге тоқталдым. Тағы да қайталап айтқым келеді. Жұртты нашақорлық пен құмарпаздықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, вандализм мен ысырапшылдықтан қорғау – ортақ міндет. Мемлекет бұл бағытта нақты қадамдар жасап жатыр», — деп тоқталды Президент.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болатын арнайы заң күшіне енгенін тілге тиек етті.

«Бұл – өте қажетті құжат. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – баршаңызға айқын. Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек. Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше», — деді ол.

Мемлекет басшысы ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания екенін айтты. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырғанын, отбасының шырқын бұзатынын, қылмысқа, суицидке итермелейтінін сөз етті.

«Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді», — деді Президент.

Президент Парламенттің кезекті сессиясы аяқталғанын айтты. Депутаттар маңызды оқиғалардың бел ортасында жүргенін, сайлаушылармен тығыз жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.

«Олар өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болып отыр. Халыққа қажет заңдарды қабылдау жөнінде бастамалар көтеруде. Осы сессияның өзінде елдің дамуына тікелей ықпал ететін 100-ден астам заң қабылданды. Өздеріңізге мәлім, жуырда мен «Масс-медиа туралы» заңға қол қойдым. Өте маңызды құжат. Журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілген деп айтуға болады. Бұл құжат еліміздегі масс-медианың әлеуетін арттыра түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ ақпараттық дербестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді», — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр. Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеп жүр.

«Журналистер қауымы ұлттық парламентаризмді дамытуға қашанда зор үлес қосып келеді. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі. Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық. Айтпақшы, Президент Әкімшілігінде де әріптестеріңіз аз емес. Олар өз кәсіби ортасына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасында алтын көпір қызметін атқарады. Жаңа ақпараттық дәуірге қадам бастық. Осы орайда мемлекеттік басқару жүйесі сөз білетін, тиімді әрі жан-жақты қарым-қатынас орната алатын адамдарға зәру. Сондықтан өз мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған немесе байланыстыруды жоспарлап жүрген әріптестеріңіз осы салада да өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады», — деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізді түбегейлі жаңғырту үшін заңнамалық өзгерістермен, кадрлық шешімдермен, саяси және экономикалық реформалармен ғана шектелу аздық ететінін ұдайы айтып келе жатқанын еске салды.

«Біз прогрессивті ұлт ретінде қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін жаңарту үшін көп тер төгуіміз керек. Бүгінде отандық журналистика мықты қоғамдық институтқа, нағыз төртінші билікке айналды. Бұл саланың осынау маңызды іске қосар үлесі зор. Журналистердің алдында тұрған міндеттердің ауқымы – өте кең. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясын қолдаған шын мәніндегі халықтық қозғалыс өріс алды. Бұл кездейсоқ емес. Өкінішке қарай, табиғат аясындағы демалыс орындарында және елді мекендердің айналасында үйіліп жатқан қоқысты күн сайын көреміз. Бұл – жауапсыз адамдардың ісі. Қоғамдық орындарда қарапайым тазалық ережелері сақталмайды. Бұдан адамның тәрбиесіздігі ғана көрінбейді, сондай-ақ ол бүкіл еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан да мен әрдайым осы мәселеге назар аударамын», — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналғанына тоқталды. Оларға ризашалығын білдірді.

«Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты. Біз қоғам ретінде айналамыздағы тазалықтың қадірін біліп, басқа адамдардың еңбегін құрметтеуді үйренуіміз керек. Отандық медиа қоғамда жоғары экологиялық сана мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға зор көмегін тигізе алады. Осы орайда азаматтарымыздың ел ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі қоғамдық орындарда вандализммен көзге түсіп, тұрпайы мінез-құлық көрсетуі – назар аударатын мәселе. Тарихи-мәдени мұраларға зиян келтіру, ескерткіштерді қорлау сияқты келеңсіз әрекеттер тек заңмен ғана жазаланып қоймай, қоғам тарапынан да айыпталуға тиіс. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды. Тағы бір мәселе. Алдымызда «Ұлттық домбыра күні» келе жатыр. Домбыра – қазақтың жаны, ұлт болмысының айнасы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Біз ұлттық бірегейлігімізді сақтағымыз келсе, қастерлі аспапты қадір тұтуымыз қажет. Ол – біздің тереңнен тамыр тартатын төл тарихымыздың куәгері. Мерейлі мереке өнерімізді өрге шығарып, тұтастығымызды нығайта түсу үшін керек. Мен ұлттық құндылықты ұлықтайтын бастамаларды барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Домбыра күні соның айқын көрінісі болуға тиіс», — деп тоқталды Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ БАҚ өкілдерінің тағы бір маңызды миссиясы – азаматтарға экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен ақпарат беру екенін айтты.

«Бұл ретте ауыз толтырып айтатын дүние жеткілікті. Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке қатты жүріп жатыр. Ал онсыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. Мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі жұмысының арқасында кейінгі жылдары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әрі қаржыландыру көлемі үлкен ондаған, тіпті жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылады. Биыл Шымкентте түркиялық серіктестермен бірлесіп, ірі жылыжай кешені құрылысының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Қытайлық әріптестермен Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс қорытатын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның бастапқы құны – 1,5 миллиард доллар, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Атырау облысында полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенін салу көзделіп отыр. Менің тапсырмаммен Үкімет еліміздің батыс аймақтарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін жедел шаралар топтамасын әзірлеп жатыр. Оның нәтижесі көп күттірмейді деп ойлаймын», — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, биыл халық көптен күткен ірі автожол жобалары іске қосылмақ. Бұл жобалар еліміздің көлік құрылымын нығайтып, іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.

«Атап айтқанда, «Астана – Алматы», «Алматы – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» жолдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жезқазған – Қарағанды» магистралін жобалау жұмыстары басталады. Мұның бәрі – жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған ауқымды жобалардың бір бөлігі ғана. Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар мен көпірлер салынып жатыр. Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылуда. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек. Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын», — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек.

«Сондықтан мен атом электр стансасын салу мәселесін пысықтау туралы нақты тапсырма бердім. Қазір жан-жақты талқылау болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылуда. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек. Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн. Осы мәселеге қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум биыл күзде өтеді. Үкімет нақты датаны айқындайды», — деді Мемлекет басшысы.

Президент сыртқы саясат мәселесіне де тоқталды.

«Сыртқы саясат мәселесіне келер болсақ, Қазақстан көпжақты ынтымақтастыққа бейіл. Сондай-ақ қазіргі халықаралық құқықтың негізі ретінде БҰҰ Жарғысының сақталуын табанды түрде жақтайды. Сыртқы саясатта біз ұлттық мүддені басты орынға қоямыз. Барлық даулы мәселені тиімді мәміле негізінде шешуді қолдаймыз. Биыл Қазақстанда халықаралық шаралар көп өтеді. Келесі аптада Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болады. Мұны кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде өтетін аса маңызды халықаралық форумдардың бірі десек, артық айтқандық емес. Саммитке дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары, сондай-ақ ықпалды халықаралық ұйымдардың жетекшілері, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы қатысады. Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді. Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік», — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша елімізде жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі едәуір өскен, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болған.  Бұл – өте маңызды. Қоғамдық пікір саяси өмірдің маңызды факторына айналды. Ал сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығы саналады.

«Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз. Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр. Алайда Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз. Мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенімдімін», — деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыз қарқынды дамуы үшін қазіргі өзекті проблемалар жөнінде шынайы көзқарас қалыптастырып, ашық пікір алмасу маңызды екеніне тоқталды.

«Бізге алдамшы жеңістер мен жетістіктерге әуестеніп кетудің қажеті жоқ. Өз-өзіңді алдауға, мадақтауға болмайды. Бұл – ыдырауға және құлдырауға әкеп соқтыратын төте жол. Сонымен қатар сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес. Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. Мұндай ақпарат адамдарға көмектеспейді, керісінше оларды күйзеліске ұшыратып, қоғамда апатия тудырады. Оң өзгерістер – көбіне күнделікті қажырлы еңбекті талап ететін дамылсыз жұмыстың нәтижесі. Ол сырт көзге байқала бермейді. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Өйткені бұл – мемлекеттік стратегияның маңызды бөлігі. Біз Әділетті Қазақстан құруға ұмтыламыз. Бұл – бос идеологиялық абстракция емес, шынайы жалпыұлттық таңдау. Біз зор сенім артып, күш-қуатымызды аянбай жұмсайтын асқақ мұрат түбі шындыққа айналады», — деді ол.

Президенттің сөзінше, әділетті Қазақстанды кемеңгер көсемдер, аңыздағы қаһармандар емес, қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құрады. Осындай адамдарды жан-жақты насихаттау қажет. Заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі – осындай адамдар.

«Мемлекеттің қуаты – халықта, ал халықтың қуаты жасампаз күш-жігерде және отаншылдықта. Сондықтан еліміздегі барлық ауқымды өзгерістер адамға, оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталған. Біз үшін реформалардың өзі ғана емес, түпкі мәні маңызды. Біздің реформаларымыз қызыл сөзге емес, нақты іске негізделген. Басты мақсат – азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін нығайтып, әл-ауқатын арттыру. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әр салада заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты.

«Қазақстан – құқықтық мемлекет. Ал кез келген құқықтық мемлекетте азаматтар мен институттардың барлығы заңдарды, ережелер мен нормаларды мүлтіксіз сақтауға тиіс. Қоғамдағы қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктер ұлттық заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешілуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Сонда ғана біз берекелі және әділетті қоғам құрамыз. Сондықтан Заң мен тәртіп қағидатын баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін берік іргетас деп қараған жөн. Біз, ең алдымен, жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек. Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Ашық айтамыз деп, оның зардабын да тартып жатамыз. Тіпті, кейде шетелдіктер де, өз азаматтарымыз да Қазақстанды жемқорлыққа белшесінен батқан ел деп ойлайды. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген адал азаматтар аз емес. Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады», — деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, журналистика – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауыңыз. Нағыз журналистер әсіре әуестіктен, бос сөзден және әлеуметтік желіде өзіне-өзі масаттанудан ада болады. Олар әрдайым оқиғаның ортасында жүреді. Халықты алаңдататын өзекті мәселелерді көтеріп, мазмұнды материалдар әзірлейді. Дәл осындай белсенді әрі пайдалы іс атқаратын тілшілер қауымы отандық журналистиканың бет-бейнесі саналады. Олар еліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді

«Қазір жаңа медиа дәуірі басталды. Бұқаралық ақпарат құралдары жасанды интеллект технологиясын тиімді пайдаланып жатыр. Мұны шын мәнінде жаңашылдық пен жасампаздықтың көрінісі деуге болады. Әр адам өз ісінің шебері болуға тиіс. Сонда елімізде нағыз кәсіби біліктілік культі қалыптасады. Мен мұның маңызы туралы үнемі айтып келемін. Біз ұстаз, дәрігер, ғалым және басқа да әлеуметтік сала мамандарының абыройын арттыру үшін нақты шаралар қабылдадық. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың мәртебесін көтердік. Осындай жан-жақты жұмыстар жалғаса береді. Себебі еңбек адамы – ел байлығы», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды.

«Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды. Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек. Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Aiqyn», «Литер», «Turkistan», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқимын. Көп мағлұмат аламын, пайдалы ақпарат өте көп. Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары, оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын. Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр», — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық журналистиканың бай шежіресін, тағылымды дәстүрін мақтан тұтатынын айтты.

«Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялылары баспасөзге түгел атсалысты. Олар бұл салаға ағартушылық сипат берді. Аға буынның осы сара жолын лайықты жалғастыру қажет. Ақпарат құралдары – халықтың үні, ұлттың жаршысы, бұқараның рухани тірегі. Сондықтан журналистердің кәсіби тұрғыдан мықты болуы өте маңызды, бұл, тіпті, шешуші дүние. Журналистеріміздің көбі – жоғары деңгейдегі мамандар, олар елге адал, отаншыл азаматтар. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы миссияны сіздер абыроймен атқарып келесіздер. Кез келген еңбек бағалануға тиіс. Өркениетті қоғам масс-медиа майталмандарын ерекше қадірлейді. Жыл сайын елімізде үздік журналистерге сыйлықтар табысталады. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Бүгін ортамызда осы салада жарты ғасырға жуық қызмет атқарған азаматтар бар. Аймақтағы журналистиканың көшін бастаған тұлғалар да аз емес. Осы жиынға әр облыстың бұқаралық ақпарат өкілдерін арнайы шақырдық. Бір сөзбен, бұл жерде нағыз майталман мамандар отыр. Сондықтан мен ақпарат саласына ерекше еңбек сіңірген бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұдан бөлек, былтырдан бері мереке қарсаңында журналистерге пәтер кілтін табыстауды дәстүрге айналдырдық. Бұл үрдіс биыл да, алдағы уақытта да жалғаса береді», — деді Мемлекет басшысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз