2022 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевпен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына қол қойылды.
Заң 2023 жылдың 3-ші наурызынан күшіне енді.
Халықтың ауқымды бөлігі кредиттік ауыртпалықтан зардап шегуіне байланысты, азаматтардан бүгінгі күнге дейін банкроттық рәсімді қолдану туралы арыздары келіп түсуде.
Аталған Заң азаматтарға қарыздарын өтеуге ресми түрде қабілетсіз болып танылуды және кредиторлар алдындағы берешектерін есептен шығаруға мүмкіншілік береді.
Алдымен статистикалық мәліметтерге шолу жасап кетейік.
Банкроттыққа өтініш беру 2023 жылдың наурыз айынан басталып, бүгінгі күнге дейін Жетісу облысы бойынша жалпы 4 300-ден астам өтініш келіп түскен, оның ішінде 3 391 өтініш бойынша бас тартылған, қабылданып банкроттық рәсімі басталғаны 864 өтініш, оның ішінде екінші дәрежелі банктер, микроқаржылық және коллекторлық ұйымдардың алдындағы берешек сомасы 891 млн.тенгеден асатын 590 азамат банкрот деп танылды.
Бұл Заңнын негізгі мақсаттары:
- Әлеуметтік қауырттылықты жұмсарту;
- Халықтың қарыздық жүктелуін азайту, кредиттік ауыртпалықтан босату.
Заңмен 3 рәсім қарастырылған:
- Соттан тыс банкроттық рәсімі – ең сұранысы көп осы рәсім болып табылады;
- Сот банкроттығы;
- Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі.
Барлық үш рәсімді тек борышкер өзі ғана бастай алады, яғни оның кредиторлары бұл рәсімдерді бастамашы етуге құқығы жоқ.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар өтініш бере алмайды, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, осы кәсіпкерлігін жауып барып, жеке тұлға ретінде өтініштерін беру керек.
Бірінші рәсім: ең негізгі және азаматтарға қызықты рәсім — соттан тыс банкроттық рәсімі – өйткені, бұл рәсімді тек банктер, микроқаржы ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдану мүмкін.
Бұл рәсім бойынша өтініштерді E-gov веб-порталы немесе «E-salyg Azamat» мобилды қосымшасы арқылы тапсыруға болады, ал қағаз жүзінде қазіргі уақытта тапсыруға мүмкіншілік жоқ.
Өтініштер «QOLDAU.KZ» веб-порталының TAZALAU сервисіне келіп түседі, одан кейін, бұл жүйеде автоматты түрде борышкердің кіру шарттарына сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен салыстыру жүргізіледі.
Шарттары келесі:
- Банктер, микроқаржы ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 1600 айлық есептік көрсеткіштен немесе 5 907 200 теңгеден (2024ж. 1 АЕК – 3 692 теңге) аспауы қажет;
- Өтініш берген күннен бастап қатарынан 12–ай ішінде берешек төленбеуі тиіс;
- Борышкердің жеке мүлігі немесе ортақ меншіктегі мүлігі (ерлі зайыптылардың тұрмысы кезінде пайда болған) болмауы керек;
- Банкпен берешектерді реттестіру (келісімнің шарттарын жұмсарту, сыйақыны азайту және тб) бойынша жұмыс жүргізулу (коллекторлар бойынша талап етілмейді) қажет және оны растайтын құжат болу керек;
- Банкроттық рәсім 7 жыл бойы қолданылмау қажет.
Сонымен қатар, Заңмен кейбір азаматтарға ерекше жағдайлар қарастырылған, яғни:
- Үзбей 6 ай әлеуметтік көмек алатын азаматтар (АСП) үшін 12–ай ішінде міндеттемелерді өтемеу шарты қолданылмайды;
- 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін жоғарыда көрсетілген барлық шарттар қолданылмайды.
Рәсімнің артықшылықтары:
— борышкер сотқа шағымданбайды (сотпен процессуалдық қарастыру мерзімі 2 ай);
— қарастыру мерзімі 15 күн;
— шетелге шығуға шектеу жоқ.
Соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу кезеңі 6 ай, осы мерзім біткеннен кейін банкрот деп тану туралы шешім шығарылып, қарызгерлердің алдындағы берешектері есептен шығарылады.
Келесі екі рәсім, яғни Сот банкроттық рәсімі және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі борышкердің тұрғылықты жері бойынша сот органымен қарастырылады.
Бұл екі рәсімнің шарттары бірдей, нақты айтқанда:
- Банктер, басқа да берешек түрлері бойынша (салықтық, кедендік және тб) берешектері 1600 айлық есептік көрсеткіштен немесе 5 907 200 теңгеден (2024ж. 1 АЕК – 3 692 теңге) асуы қажет;
- Өтініш берген күннен бастап қатарынан 12–ай ішінде берешек төленбеуі тиіс;
- Банкпен берешектерді реттестіру бойынша жұмыс жүргізулу (коллекторлар бойынша талап етілмейді) қажет және оны растайтын құжат болу керек.
Әрқайсысына жеке тоқталайық.
Екінші рәсім — Сот банкроттығы.
Шарты:
1600 айлық есептік көрсеткіштен асатын немесе 5,9 миллион теңгеден асатын банк қарыздары бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша (салықтық, кедендік және тб) азаматтар жүгіне алады.
Сот банкроттығы мақсаты — банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып табылады.
Нені білу керек:
1.Сот банкроттығы барысында борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады;
- Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредиторлар бұл мүлік есебінен берешекті өндіріп алуға құқылы;
- Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, ол мүліктік массаға енгізілмейді яғни кредиторлар бұл мүлік есебінен берешекті өндіріп ала алмайды;
- Қаржы басқарушысы тағайындалады;
5.Қаржы басқарушысының қызметтеріне ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі (айына 1 ең төменгі жалақы мөлшерінде – яғни 85 мың теңге), мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға бұл ақыны мемлекет есебінен төлеу көзделген;
- Банкроттықты жүргізу мерзімі — 6 ай, ұзарту мүмкіндігі 6 ай;
- Рәсімді жүргізу кезеңінде шетелге шығуға тыйым салынады.
Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің қара ниет белгілері болмаса (мүлікті немесе мүлігі жайлы ақпаратты жасыру, мүлікті сатып жіберу, иеліктен шығару жайлары болмаса) есептен шығаруға жатады.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, оның ішінде:
- Заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер;
- Кәсіби бухгалтерлер;
- Заң консультанттары;
- Аудиторлар.
Үшінші рәсім – Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот арқылы бөліп төлеу немесе кейінге қалдырып төлеу мүмкіндігін алу.
Бұл рәсімді егер, қарыздың мөлшері борышкер мүлігінің құнынан аспаса ғана қолдануға болады.
Сауықтыру шаралары:
1.Мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру
- Құны төмен тұрғын үйді сатып алу үшін тұрғын үйді сату, айырбастау және т.б.
Сауықтыру жоспары қаржы басқарушымен бірлесе әзірленіп, сотпен бекітіледі.
Рәсімнің артықшылықтары:
— борышкер «банкрот» мәртебесіне ие болмайды, сондықтан банкротқа қарастырылған негативті салдар мұндай борышкерлерге қолданылмайды;
— қарыздарды бөліп төлеу немесе кейінге қалдырып төлеу (5 жылға дейін).
Банкроттықтан кейін пайда болатын салдар:
- 5 жылға несиелер мен кредиттер алу шектеу;
- 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы;
- 3 жыл қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.
Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда және түсіндірме алу үшін Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасына Талдықорған қаласы, Ілияс Жансүгіров 113 көшесі, 324 кабинетке келіп немесе келесі байланыс нөмірлері арқылы қоңырау шалуға болады — 8 (7282) 241221 немесе ұялы телефондарымыз 8-777-4889407, 8-705-6792690.