«Медицина үздігі – 2024» конкурсының жеңімпаздары марапатталды

201

Жетісу облысында медицина қызметкерлерінің күніне орай «Медицина үздігі – 2024» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Аталған конкурста 14 номинация бойынша бірқатар мамандар үздік деп танылды. Сол сияқты жоғары кәсіби жетістіктері үшін тағы 5 адам ерекше құрметке ие болды.

Конкурс жеңімпаздарын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жанcеңгіров құттықтады. Осы күні жеңімпаз атанғандар арасында Қаратал ауданының Бастөбе ауылдық округының дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Айдана Жамбаева «Үздік ауыл дәрігері», Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының ангиохирургия бөлімінің меңгерушісі Абай Сәрсембаев «Үздік стационар дәрігері», Жетісу облысының фтизиопульмонология орталығы директорының орынбасары, Жетісу облысының штаттан тыс бас торакалды хирургі Ертай Көбелдесов «Үздік дәрігер», Ақсу аудандық орталық ауруханасының акушері Қарлығаш Бабысова «Үздік акушер», Ескелді ауданы Жалғызағаш ауылының фельдшері Гүлнар Қанағатова «Үздік фельдшер», Көксу ауданының Теректі фельдшерлік-акушерлік пунктінің мейірбикесі Дина Шыныбекова «Үздік ауыл мейіргері», Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасы емханасының мейірбикесі Зәмзәгүл Ахметова «Үздік алғашқы медициналық-санитарлық көмек мейіргері», облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейірбикесі Марина Аввакумова «Үздік стационар мейіргері» атанды. Сол сияқты марапатталған ішінде денсаулық сақтаудағы әлеуметтік қызметкер, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама маманы, медицина колледжі оқытушысы, провизор, денсаулық сақтау менеджері, санитарлық-эпидемиологиялық бейіндегі дәрігер де болды. Жеңімпаздардың барлығына 800 мыңнан 2 млн. теңгеге дейінгі соманың сертификаты мен арнайы дипломдар табыс етілді.

Сондай-ақ тағы 5 адам өз міндетін мінсіз атқарып, елеулі табыстарға қол жеткізгені үшін ерекше құрметке ие болды. Мәселен, үздіктер қатарындағы облыстық онкологиялық клиниканың дәрігері Дауранбек Арыбжанов — медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, денсаулық сақтау үздігі, онкологтар мен радиологтардың Еуразиялық ассоциациясының мүшесі, ҚР онкологтары мен радиологтары ассоциациясының мүшесі. Ми, бас-мойын, бауыр мүшелерінің қатерлі ісіктеріне алғаш  операция жасаған онкология саласындағы жаңашылдардың бірі, артерияішілік химиотерапиямен емдеудің жаңа әдістерін, қалқанша безінің қатерсіз ісіктерін радиожиілікті абляция әдісімен емдеуді енгізген. Атап өтсек, жыл сайын осы клиникада 300-ге жуық ота жасалады.

Ал облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері Зарина Набиева жақында реанимацияны сәтті өткізді. Шақыруға келген жедел жәрдем бригадасы науқастың клиникалық өлімін тіркеді. Бірақ көмек алгоритміне сәйкес дәрі-дәрмектерді, медициналық бұйымдар мен жабдықтарды қолданып, жүрек-өкпе реанимациясының 5 кезеңін сәтті өткізгеннен кейін фельдшер 20 жастағы қыздың клиникалық өлімін ауыздықтап, бойжеткен өмірге оралды.

Моңғол Анарбек, Жүнісов Эрик сияқты облыс травматолог дәрігерлерінің шәкірті, травматологияның үздік дәстүрлерін жалғастырып келе жатқан жас дәрігер Ілияс Бүйрекбаев «Үміт» номинациясын иеленді.

«Тәлімгер» номинациясында жеңімпаз деп танылған педиатр дәрігер Майра Омарова медицина саласында жарты ғасырға жуық уақыттан бері Зарина мен Ілияс сияқты көптеген жас мамандарды тәрбиелеп келеді. Ол Талдықорған қалалық №1 емханасында жұмыс істейді.

Сол сияқты облыстық кардиологиялық орталықтың кардиолог дәрігері Маржан Нұрмұханбетованың да атына жылы тілектер жиі айтылады, кәсіби еңбегі мен этикасы үшін ол «Алтын жүрек» номинациясымен марапатталды. Бес үміткердің бәріне статуэтка мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Қатысушыларды кәсіби мерекелерімен тағы да бір мәрте құттықтаған Арман Жансеңгіров күн сайынғы еселі еңбегі және облыс халқының денсаулығы мен өмірін сақтаудағы ортақ іске қосқан елеулі үлесі үшін әрбір маманға алғысын білдірді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз