Жанұя әлеуметтік орталығы ашылғаннан бері қызметіне 7197-ге жуық азамат жүгінген. Ал 4090 адамға психологиялық көмек көрсетілді. Орталықтың негізгі міндеті халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін заңгерлік көмек көрсету, отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, жұмысқа бейімдеу және қаржылық сауаттылығын арттыру. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығының Президенті Жанар Нұрмұханова мен «Жанұя» отбасын қолдау орталығының қызметкері Мадина Белгібаева айтып берді.
«Жанұя» әлеуметтік орталығы қиын өмірлік жағдайдағы отбасынан шыққан аналар үшін қала аумағындағы білікті педагогтарды тарта отырып, тегін массаж, компьютерлік сауаттылық, тігінші, шаштараз, аспаздық курстарын оқытып, сертификаттар табыстайды. Жалпы, орталық ашылғаннан бері 409 ана түрлі курстарда білім алған. Сонымен қатар, орталықта аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына арналған 2-11 сынып оқушыларына ағылшын тілі курсы, 1-4 сынып оқушыларына қазақ тілі, орыс тілі мен математика пәндерінен қосымша сабақтары жүргізіледі», — деді Жанар Болатқызы.
Бүгінде елімізде қайырымдылық қорлары арқылы түрлі акция, іс-шаралар арқылы көмек көрсететіндердің саны артып келеді. Соның бірі «Харекет» қайырымдылық қоры. Бұл қор арқылы «Жанұя» орталығына жүгінген 9 адам баспаналы болған.
«Осы жылы «Жанұя» әлеуметтік орталығының атауы, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы болып өзгерді. Алайда, атауы өзгергенмен, ұсынылатын қызметтер мен жұмысы сол күйде.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша қала тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді біріктіріп, отбасылар мен жеке жұмыс жүргізеді. Аталмыш мекеме талдықорғандық отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді», — деп қорытындылады Мадина Белгібаева.