Өмір сүру сапасын жақсартуды, ұрпағының амандығын ойлаған кез келген адам өз денсаулығына салғырттық танытпай, зор жанашырлықпен hәм жауапкершілікпен қарауы тиіс. Адамзаттың ең бірінші, құнды байлығы деннің саулығы екенін ата-бабамыз сан мыңдаған жылдар бұрын айтып кетті емес пе?! Денсаулық – Алла Тағаланың берген үлкен нығметімен қатар біздерге жүктелген аманат деп танылады. «Ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл!», – деген өсиет тегін айтылмағанын аңғаруға болатындай. Әл-Фараби: «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек», – дейді. Қандай да бір дертті жаратқанда оның шипасын да қоса жаратты.
Бұл орайда жанкешті де мәртебелі мамандық иелерінің ұлт денсаулығы жолындағы үлесі зор, еңбектері өлшеусіз. Дәрігер мамандығы — адамзат баласының өмірі мен денсаулығының қырағы сақшысы болу және оны жауапкершілікпен атқару, адал қызмет ету. Олар таңдаған жол оңай емес, қиындығы жетіп артылады. Алайда, ауырған жанды емдеу, жанарындағы жалынды көру барлық шаршауды әп-сәтте жоқ қылады. Шындығында, олар үшін халықтың алғысы мен ыстық ықыласына бөленуден артық бақыт жоқ. Мерейлі мереке қарсаңында ШЖҚ «Облыстық перинаталды орталық» КМК «Шала туылған нәрестелерді күту» бөлімінің қызметкері, балалар неврологы Құсаинова Әйгерім Мұратбекқызымен сұхбаттасқан едік. Кейіпкеріміз медицинадағы күрделі саланың бірінде еселі еңбек етуде. Ем жүргізу арқылы баланың алдағы өміріне тікелей қатысты екендігін білген ол үнемі біліктілігін арттырып отырады. Мәселен Түркияның Стамбұл қаласына арнайы барып, аталмыш бөлімнің дәрігерлерімен өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, елімізде өткен бірқатар халықаралық оқыту семинарларында Италия, Франция, Нидерландыдан келген мамандардан білімін жетілдірді. Қазіргі таңда аймағымыздағы кәсіби деңгейі жоғары ақ халатты абзал жандардың көшін бастап тұр.
-Әйгерім Мұратбекқызы, елімізде шамамен 400 мыңға жуық бала неврологиялық ауруға душар болған. Бұл көбінесе тұқым қуалаушылық, туа бітті патологиялар ма, әлде жүре пайда болған бұзылыстар ма?
-Басты сұрағыңызға рахмет, негізі балаларда неврологиялық аурулар ғана емес, барлық жүйедегі аурулар саны көбеюде, дұрысынан айтқанда, күннен-күнге жасаруда. Сондықтан, медицина саласы да үнемі ізденісті, жаңа ашылуларды, үздіксіз дамуды алғышарт ететін бірден-бір ғылым. Соған қарай, дәрігерлер де әрбір дерттің дауасын іздеуде, тамыр-себебін басып, жолын түсінуде біліктіліктерін әруақытта жаңартып отырады. Ал нақты сіздің сұрағыңызға келетін болсақ, әр дерттің себебі әр түрлі, әрі олар әр адамда әр түрлі көрініс береді. Бір кеселдің тұқым қуалайтын да варианты болуы мүмкін, жүре пайда болатын да варианты болуы бек мүмкін. Соған қарай, әрбір науқас индивидуалды әрі кешенді тексеріске, емдеу ерекшеліктеріне, бар болған мүмкіндіктеріне ие болады. Мысалы алатын болсақ, эпилепсия дерті. Ол тұқым қуалайтын синдромдардан да дамиды, жүктілік кезде қалыптасқан, босану кезіндегі орын алған қиындықтардан (баланың миына зақым келетіндей ұзақ уақытты оттегілік ашығу) да дамиды және жүре келе де дамиды (ауыр бір бас-ми жарақатын алса, нейроинфекция, нейрометаболикалық, нейроиммунологиялық бұзылыстар, т б ). Соған қарамастан, неврология бөлімінде бірқатар аурулардың түсіндірілуінің ортақ бір механизмдері де жоқ емес. Ол механизм – нерв жүйесінің «генетикалық детерминирленген» онтогенезі- ол дегеніміз адам баласы жатырда ұрық болып пайда болғаннан бастап- өмірге келіп, өлгенге дейін жүретін нерв жүйесіндегі, мидағы алдын-ала белгілі болған даму-қалыптасу алгоритмі. Бірақ бұл барлық адам міндетті түрде дертке ұшырайды деген тұжырым емес. Бізге генетикамыздың дұрыс алгоритмін бұрыс қылып істен шығарып жібермеуіміз үшін, болашақта денсаулық ақаулары санын азайту үшін қазірден бастап кез келген денсаулыққа зиян нәрселерден сақтанып, қорғануымыз қажет.
-Балаларда аурудың нақты қандай түрлері жиі кездеседі, яғни, ата-аналардың шағымдары?
-Балалар неврологиясында аурулар саны әртүрлі жиілікте. Солай болғанмен де, барлығын да бірдей өзекті орынға қоямыз. Көп кездесіп жатқан дерттердің бірнешеуін атап айтсақ, олар: туа біткен неврологиялық ақаулар, эпилепсия, фебрильді ұстамалар, орталық салдану (ДЦП), нерв-бұлшықеттік аурулар, бала дамуының жалпы кешеуілдеуі; соның ішінде, сөйлеуінің, психикасының кешугі, артты қалуы. Сонымен қатар, логоневроз (тұтығу-кекештену), энурез, ұйқы бұзылысы, невроз, тағы басқа. Ал жоғары сынып оқушылары арасында бас ауру, мигрень, зейін-есте сақтау нашарлауы да жиі кездеседі. Соңғы жылдарда, ағзадағы кейбір маңызды, нерв жүйесіне қатысты микроэлементтер мен витаминдердің тұрақты тапшылықта болу салдарынан жоғарыда аталған шағымдардың үдеуі де кездеседі. Бір ғана мысалын айтып өтемін; ол фолий қышқылы (метилфолат) жеткіліксіздігі. Оны В9 дәрумені деп те атайды. Жүкті әйелге фолий қышқылы витаминін туа біткен ауруларды болдырмау мақсатында, алдын алу үшін тағайындайды. Соған қарамастан, туа біткен ақауы бар нәрестелер өмірге әлі де келіп жатыр. Бұл нені айтады? Бұл ағзаның дефицитті жағдайға түскенін айтады, жүктілікке дайындалу керектігін айтады, фолий дефициттік жағдайдағы аналар болса, жүктілік алдын 3 ай бұрын фолий қыщқылын ішіп бастау керектігін, дәрігердің бақылауымен басқа да дефициттерін жабу маңыздылығын айтады. Әрине, фолий қышқылы жүкті әйелге ғана емес, ол әр түрлі жастағы балалардағы түрлі неврологиялық шағымдарға да көмегін беретіні дәлелді медицинада белгілі.
-Баланың неврологиялық дамуында бұзылыс барын аңғартатын белгілерді атап өтсеңіз? Ата-ана қай кезде дабыл қағуы қажет?
-Әрбір ата-ана баласынан кез келген бір жайсыздық байқаса дәрігерге хабар берген дұрыс. Әсіресе ерте жастағы балаларда. Айталық, жедел жәрдем шақыратын жағдайларға тоқталатын болсақ: нәрестенің жиі-фонтанды түрде құсуы, емуден-тамақ ішуден бас тартуы, нәрестенің күтімге байланыссыз, айқын бір себепсіз, монотонды дыбыста ұзақ жылауы, дене қызуы жоғарылауынан немесе дене қызуынсыз көзінің жоғары кетіп, аяқ-қолының тырысуы, икемсіз дірілдеуі, терең – ұзақ уақыт ұйқышыл болып, емген кезде де селқос ,әлсіздік болуы.
Ал нәрестенің уақытымен дамуын бағалайтын болсақ, ең дұрысы, баланың 2 айында, 6, 9, 12 айларында балалар неврологы қабылдауында болып, профессионалды түрде неврологиялық қараудан өту керек. Себебі, уақытпен ғана білінетін бұзылыстар бар және уақыт сайын неврологиялық даму көрсеткіштерін белгілеп, олардың байланысына бағалау жасап , қорытынды шығару, бақылауда болу маңыздылығы да бар. Сонымен қатар, ата-аналар да баланың жалпы даму заңдылықтарын біліп жүргені дұрыс. Мысалы, бала туғаннан кейін , босану орталығында нәрестенің есту қабілетін тексеру үшін аудиоскрининг жасалғанын, оның нәтижесін біліп, қадағалау керек. Алғашқы 1-2 айында баламен көзбе-көз қарым-қатынасқа түсуге тырысу керек, ол егер балада кеш даму мәселесі туындайтын бұзылысы бар бала болса көзбен жылы контакт жасауды бастау ерте араласудың, ерте бейімдеудің ұтымды әдістерінің бірі. Баланың көзге қарауын, анасының жылы эмоциясына жауап беру-бермеуіне мән беру керек. 2-3 айларында басының ұстауы, жымиып, дауыстап уілдеуі, 4 айынан бастап аунай бастауы, 6 айынан отыруға тырыса бастауы, дыбыстар шығара бастауы, 9 айынан еңбектеп, 12 айына қарай жүруге икемделе бастайтынын, қарапайым қаратпа сөздерді түсіне бастайтынын, сөйлеуге деген ынтасының болу-болмауын ескеріп жүру керек.
Сондай-ақ, туған нәрестенің алғашқы айларында, нақтырақ, шала туылған нәрестелер мен жетіліп туылған нәрестелердің 5-ші айына дейін «спонтанды қозғалыс белсенділігін» бағалай отыра, арнайы қозғалыс белгілерінің (fidgety movements) болып-болмауына зейін қойып болжамдар жасауға болады. Оны Прехтль әдісі деп атайды. Егер мида психо-моторлы зақымдалу бары болжамдалса, арнайы дұрыс методикамен «ерте араласу» арқылы баланың қозғалу мүмкіндіктерін дұрыс бағытқа қалыптастырып үлгеруге болады, оны баланың жүйке жүйесінің әлі дамып жатқандығымен түсіндіреміз. Бұл әрине, ата-ананың емес, дәрігердің біліктілігіне жүктеледі.
-Балалар арасында психикалық-физикалық дамуы кеш жүріп жатқандар бар екенін байқап жүрміз. Бұл аналардың жүктілік кезіндегі күтінуінің аз болуынан ба? Жүктіліктің жақсы өтуі қаншалықты маңызды рөл атқарады?
-Баланың дамуының артта қалуына жүктілікке дайындықтың аз болуы ғана емес, басқа да көптеген себептер бар. Себебі, адам ағзасы біртұтас жүйе: нерв жүйесі бар, қан айналым жүйесі бар, асқорыту жүйесі, несеп шығару, тыныс алу, тірек-қимыл және эндокринді жүйе бар. Бұл жүйелердің барлығы бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасайды, бір-бірінің бұзылыстарына себеп болып жатады. Мысалы, балада гипотиреоз, эндокринді бұзылыстар болса, балада сөйлеудің, ақыл-ойдың кешігуі дамиды. Сондықтан, қазір әрбір ауруды жеке-жеке бөліп, жүйе бойынша ғана емдеу принциптері толыққанды нәтиже бермей жатыр. Ауруды ғана емес , адамды (тұтас ағзаны) емдеу принциптеріне сәйкес нұсқаулар қолдану қажет. Әрине, жүктілікке дайындық, жүктілік кезең, босану кезеңі, босанудан кейінгі кезеңдер бала денсаулығы үшін атқарушы рөл атқарады. Жүктілік кезде дәрігердің бақылауымен ішуге керек витаминдердің бірқатарын айта кетейін: фолий қышқылы, витамин Д3, йод, магний, В тобы витаминдері. Көрсеткіш болса, темір, витамин С, омега3 тағы басқа. Баланың дені сау болуының фундаменті қаланатын кезеңдер десе де болады. Бұл кезеңде бәрі жақсы өтсе де, егер баланы әлеуметтік теріс ортада өсіретін болса, онда балада сөйлеуі жағынан, психикасы жағынан кешігіп дамуы болуы мүмкін. Мысалы: жыламасын деп телефон беріп қою, шуламасын деп теледидар қосып қою, тәтті сусындар мен тәтті тағамдар беру, сенсорлық ойындармен ғана шектеу, баланың активті дамитын уақытында 4 қабырғалы үйдің ішінде отырып өткізу, үйді шашпасын деп артық нәрсеге рұқсат бермеу, бір сөзбен айтқанда баланың табиғи дамып жетілуіне тосқауыл болуымыз баланың нерв жүйесін артта қалдырады. Балаңыз уақытымен сөйлеп, уақытымен жетілсін десеңіз, осы жоғарыда аталғандарды шектегеніңіз дұрыс болады. Бала бұл әлемді нерв жүйесіндегі әр түрлі сенсорлы жүйелер арқылы танысып , қабылдауы керек, яғни иіс сезу рецепторлары арқылы, дәм сезу рецепторы, көру рецепторы, есту рецепторы, жанасу (тактильді) рецепторы арқылы әртүрлі ақпараттарды қабылдауға, танысуына, бекітуіне жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ, тепе-теңдікке үйрететін, кеңістікте өзінің денесін сезіп, басқарып үйренетін ойындар ойнату керек.
-Қазір нәрестені белгілі бір қажеттілік болмаса да «ширату үшін» деп тым ерте уақытта массажға апарады, бұл қаншалықты дұрыс?
-Өзекті сұрақ! Медицинаның атасы Гиппократтың дәрігерлерге жазып қалдырған негізгі өсиеті бар: «PRIMUM NON NOCERE!» (прежде всего – не навреди!), демек қажеттіліксіз артық ем –дом жасаудан барынша сақтануымыз қажет. Әсіресе, қазіргі уақытта, медициналық дипломы жоқ адамдар да сәбилерге массаж жасау арқылы табыс табуда. Мен үшін ол қауіпті құбылыс. Біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол «бала массажисті» маманы болса да, дәрігер нұсқауынсыз массаж қабылдау –ата-ананың мойнындағы жауапкершілік. Мен өзім балалар неврологы болғаннан кейін «емдік мақсатта» массаж түрлерін неврология жағынан нақты көрсеткіші бар науқастарға ғана тағайындаймын. Себебі, біліктілігімді арттырған сайын балаға массаж жасауға болмайтын қарсы көрсеткіштері бар көптеген неврологиялық аурулар белгілі болып жатыр, тіпті «массаж жасау арқылы» баланы мүгедектікке ертерек жеткізіп жүрген жағдайлар да елімізде кездесуде, өкінішке қарай. Сол аурулардың бірін айта кетейін, түсінікті болуы үшін: ол –бұлшықеттік дистрофия (мышечная дистрофия), яғни бұлшық ет тінінің туа біткен зақымдалуы. Сәбидің алғашқы айларында бұл аурудың белгілері көбінесе көрінбейді, кейін бала өсе бастағанда бірақ байқала бастайды. Ал егер бұл ауруға шалдыққан баланың бұлшықетіне массаж жасайтын болса, онсыз да зақымданып жатқан бұлшықеттер одан сайын бұзылып, өз қызметін ерте тоқтатады. Бұл аурудың таралу жиілігі өсіп келе жатыр, сондықтан массаж алмас бұрын педиатрға, балалар неврологына көрініп, қан анализдерін тапсырып (көрсеткіштер болса), тексерістен өтіп алған абзал.
Ал егер, ата-аналар «ширату үшін» деген ниетпен профилактикалық массаж сұраса, анасының өзіне қалдырамын. Себебі, нәрестенің туғаннан кейінгі алғашқы жарты жылдығында ана мен баланың бір-бірімен эмоционалды және физикалық қарым-қатынасы тығыз байланыста болуы бала денсаулығы үшін қажетті алғышарттардың бірі, яғни, анасының өз сәбиіне жасаған қарапайым, жеңіл жаттығулары ұтымдырақ; бұл жерде тағы атап кетпесе болмайды, массаждан (уқалай бергеннен) қарағанда, дене жаттығуларын жасау нәтиже береді; нақтырақ айтқанда, денесін әр түрлі қалыпта ұстау, ішпен көбірек жатқызу, аяқ-қолдарын асимметриялы созу, тағы басқа.
Осы жерде бір кішкентай пайдалы ақпаратпен бөлісе кеткен жөн болады. Себебі, көп ата-аналардан осы қателікті байқап жүрмін. Баланы «ішпен жатқызудың» өзінің физиологиялық дұрыс әдісі бар, яғни баланы ұстап-көтеріп тұрған бойда еңкейтіп апарып төсекке ішімен жатқызбаймыз. Өйткені, ол позицияда бұлшықет жиырылған күйде болады. Сол үшін баланы бірінші төсекке арқасымен жатқызып аламыз , ондағы мақсат бұлшықеттерді босаңсыған қалыпқа түсіру үшін, сосын барып, бір жағына қарай қырынан бұрып барып (аяқ-қолдарын бір қалыпта сүйемелдей отыра) артынша ішпен жатқызамыз. Баланың қолдарын екі жаққа тартып ,сыртқа шығарып қоюға болмайды (ата-аналар көбінесе «қолдары қысылып қалмасыншы» деп жасайтын көрінеді). Біріншіден, ол балаға ыңғайсыз, нәтижесінде, жылап, көп ішпен жатпай қояды, екіншіден, олай жасау физиологиялық өсіп-жетілу жасына да сәйкес келмейді. Баланы дұрысынан көп ішпен жатқызып жүрген болсаңыз, балаңыздың мойнын ұстауына, басын көтеруіне, физикалық дамуына көмектескен боласыз,әрі іш кебуіне де, жел шығаруына да жәрдемдесіп, кеңістікпен де таныстырған боласыз.
-Маман ретінде ата-анаға айтарыңыз….
-Мен маман ретінде ата-аналардан өмірге сау бала әкелуге атсалысуларын сұраймын, барынша. Себебі, қазіргі уақытта тұтынатын тағам болсын, тұрмыстық заттар болсын сапасы біршама өзгерген, нақтырақ, денатурацияланған. Ол адамзат денсаулығының сапасына да кері әсер етіп, тіпті генетикамызға дейін еніп, өзгертіп жатыр. Өмір салтымыз да шынайы табиғаттан алыстап, технология ғылымы дамыған сайын бір жағынан жаңа жетістікке, ыңғайлылыққа жеткенімізбен, бір жағынан адамның күн тәртібіне де, нақтырақ; уақытымен ұйықтау, уақытымен дұрыс тамақтану, уақытымен дене қозғалысында болу, адамның ерік-жігерінің, санасының, рухының, сондай-ақ денсаулығының өнімді болуына теріс әсерін беріп жатыр. «Сау болашақ» демекші, ол- тәннің ғана емес, жанның да саулығы. Ақыл-психика саулығы. Отбасылық құндылықтар саулығы. Әлеуметтік-экономикалық саулық. Білім-ғылым саулығы. Барлығы маңызды, барлығы да денсаулыққа тікелей әсер етеді. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген әлдеқайда тиімді, әсіресе жүйке жүйеміз үшін.
Пайдалы ақпараттарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Жұмысыңызға сәттілік тілей отыра төл мерекеңізбен құттықтаймын!