Қазақ халқы қашанда қыз баланы қадірлеп, бағалаған. « Руыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле»- деген сөз тегін айтылмаса керек-ті. Қазақ қызына артылар жауапкершілік жүгі мол. Себебі, біздер есімі аңызға айналған, даналығымен белгілі Домалақ ана, мейірімімен әлемді әлдилеген Ұмай ана, ерінен айырылса да еліне ие болған Айғаным мен Ұлпан, батырға қуат берген Назым, Құртқа, Ақжүніс, ел басына күн туғанда қару асынып, қан майданға аттанған Әлия, Мәншүк, Хиуаз, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжанның қыздарымыз.
Кешегі Тұмар патшайымның ерлігі, Айша бибінің өрлігі, ұлт тарихында ұмытылмас із қалдырып, өз дәуірінде көрнекті қоғам қайраткері, сарабдал саясатшы да бола білген Бопай ханымның батырлығы, Қараүлек, Қамқа, Ұлбике, Сараның ақындығы бүгінгі заман аруларының да бойынан табылады. XXI ғасырдың перзенті келбеті көркем, интеллектісі жоғары, қайтпас қайсар мінез иесі, парасат пайымы жетілген ұрпақ болып қалыптасты. Қазақ қыздарының жүріп өткен жолын неге тізбектеп отыр дерсіз?! Шұғылалы көктеммен қатар келер мерейлі мереке қарсаңында аяулы жандар туралы айтуды жөн санадық. Анел Құдайберген… Бұл есім қазіргі таңда Жетісу аймағында белгілі. Иманы мен әдебі жарасқан, қарапайым әлемі бар кейіпкеріміздің таңдаған жолы ерекше. Ерекше деуіміздің өзіндік себебі бар. Ол көпшілік қыздар таңдай бермейтін, тіпті, ер жігіттер де көптеп бара бермейтін салада еңбек етуде. Болмысы нәзік болғанымен, спорттағы толағай жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Бокстан спорт шебері, «Халықтар кубогының» жеңімпазы, «Көшбасшы» жастар сыйлығының иегері, «Ескелді аруы» көк байрағымызды бірнеше мәрте желбіретті. Рухы – өр, тәні бекем халқымыздың намысын қорғап, даңқымызды асқақтатты.
- Мен негізінде 11 жасымнан бастап жүзумен айналысатын едім. Артымнан ерген 3 сіңілім бар, қорғау болатын ағамыз да жоқ деп, 15 жасымда бокс залына барған болатынмын. Кәсіби түрде шұғылданғаныма 8 жыл болды. Мен үшін бокс тек төбелес емес, үлкен өнер. Шаршы алаңда сондай қатігез спорт түрінің әдемілігін де көрсеткім келетін. Қазіргі уақытта да бокстан бөлек бимен айналысамын. Басты мотивациям сіңілілерім. Маған қарап жан-жақты болуға болатынын түсініп, тұлғалық дамудан, ізденуден жалықпаса екен деймін.
Қызға нәзіктік тән. Бұрымды былғары қолғап шебері бұл қасиетті ешқашан жадынан шығармады. Аренада ел мерейін үстем етіп жүрген бойжеткен сұлулық сайысында да топ жарды.
- Спортта жүрген қыздар ер мінезді болады деген мифты жойғым келеді. Қазақтың қыздары қашанда батыр болған ғой, бірақ, соған қарамастан қайсарлығы мен қарапайымдылығы жарасқан, нәзіктігін ұмытпаған. Сондықтан да мен нағыз қазақтың қызы деген атқа лайық, халқымның мақтанышы болуға тырысудамын. Ал, сұлулық байқауына тоқталар болсақ, барша қыз балаға өте пайдалы деп есептеймін. Бұл нағыз нәзіктік пен энергияның мекені. Ол жерде өзіңді жаңа қырыңнан танып, қорқыныш пен комплекстерден арыласың. Өзіңе деген сенімділік артып, қоғамдық ортада өз-өзіңді дұрыс ұстау, сөйлеу мәнері сынды дүниелерге назар аударасың. Жалпы, аталмыш байқау ақылына көркі сай ханшайым болуға бастар баспалдақ іспеттес.
Мерекелік дәстүр
8 наурыз мерекесі күні анамды, сіңілілерімді ертіп, күнді тек соларға арнап, дәмді тамақтанып, көңіл көтеруге тырысамыз. Тек қана қыздар болып бас қосамыз. Сырласып, уақытты мейлінше қызықты өткізуге тырысамыз. Осы орайда барша ақ-жаулықты әжелерге, әлемнің жарығын сыйлаған аналарға, аруларға әйел бақытын, жағымды эмоциялар, шексіз бақыт және зор денсаулық тілеймін. Әр күндеріңіз күлкіге, махаббатқа, қамқорлық пен қуанышқа толы болсын.