Талдықорғанда «Мың бала» республикалық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды. Халықаралық балаларды қорғау күні Салтанат Сарайы ғимаратында өткен шараны облыстық білім басқармасы мен «Жетісу дарын» КММ ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс көлемінде олимпиадаға қатысуға 4883 оқушы тіркелсе, өңір бойынша ең жоғары балл жинаған 218 оқушы олимпиаданың 2-ші кезеңіне қатысты. Бұл балалар математикалық сауаттылық, қазақ немесе орыс тілдері, ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімдерін бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өтті. Осылайша, 150 минут ішінде олар бірнеше пән бойынша 100 сұраққа жауап берді. Қорытындысында Жетісу мектептерінен 20 оқушы жеңімпаз атанып, оның 5-еуі бөлінген квота бойынша дарынды балаларға арналған мектептерде оқуын жалғастыруды ұйғарды.Жеңімпаздарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбекұлы құттықтап, басқарма басшысының Алғыс хаты мен естелік сыйлықтарын табыс етті. Шараға қала, аудан әдіскерлері қатысты.
Айта кетерлігі, республикалық олимпиаданың 2-кезеңінің қорытындысы бойынша облыста ең жоғары ұпайды Текелі қаласындағы N 7 мектептің 6 сынып оқушысы Кәусар Әділбекқызы жинап, оған теледидар сыйға берілді. Еске салсақ, «Мың бала» республикалық олимпиадасының басты мақсаты – ауыл оқушыларының дарыны мен қабілетін дамытуға және қолдауға жағдай жасау.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі