Саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. 100 мыңнан астам азамат қуғын-сүргінге ұшырап, соның 25 мыңы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, өзге де ұлт зиялылары бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шаралар жүзеге асырыла бастады.
Мәселен, 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды, 1997 жылы Тұңғыш Президент Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. 2018 жылы Алматы облысының Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылды. Бұл халықтың қаралы тарихын зерттеп, зерделейтін руханият шырақшысы ғана емес, өңір жұртшылығына мәдени, ғылыми һәм рухани қызмет көрсететін ошақ. Музей экспозициясы үш залдан тұрады: Қазақстандағы 1916-1986 жж. аралығындағы қуғын-сүргін тарихы; Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу; «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы және оның қызметі. Мұражайдың жұмысы тек экскурсия жүргізумен ғана шектелмейді. Мамандар ескі құжаттарды ақтарып, әрбір деректі жинап, зерттеу және ғылыми жұмыстардың нәтижесі бойынша кітаптар шығарады. Осы орайда мұражай меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев ұсынған тарихи деректермен бөліспекпіз.
Жаңалықта жасырған қасірет белгісі
Жаңалық мемориал кешені 1937-1946 жж. аралығында Қазақстанның ІІХК-МҚК абақтыларында атылған саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан ең үлкен зират. Мұнда еліміздің барлық облыстарынан, КСРО-ның барлық республикаларынан, әлемнің Қытай, Иран, Австрия, Германия, Чехия, Польша және басқа елдерінен 4,5 мыңнан астам адам жерленген. Қасіретті нәубет құрбандарына, жазықсыз жазаланғандарға, атаусыз атылғандарға, жасырын көмілгендерге арналып қорым басына ескерткіш салынды.
— 1937 жылы 30 шілде ішкі істер халық комиссары Николай Ежов №0047 бұйрығын жариялайды. Бұл бұйрықта әр одақтас республикаларға репрессия жүргізу тәртібі мен лемиттер беріледі. Осы лемит бойынша Қазақстанда 1937 жылдың тамыз айы мен желтоқсан айы аралығында 1-категория (ату жазасы) бойынша 2500 адамды, 2-категория бойынша (ЕТЛ жіберу) 5000 адамды соттау берілген. Сол уақытта Қазақстан компартиясының орталық комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоян Сталинге жасырын шивровка жазып лимитті көбейтуді сұраған, осыдан кейін Қазақстанда репрессия 11 айға созылып 25 мың адам ату жазасына кесіледі. Оның 5 мыңға жуығы Алматы қаласында атылады. Ұлт зиялылары А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, С. Сейфуллин сынды тұлғалардан бастап барлығын НКВД ғимаратында атып, жасырын түрде сыртқа шығарып көміп отырған. 1989 жылдары Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жаңалық пен Іле ауданының Әли ауылдарының шекарасындағы бос жатқан жерлерден алматылықтарға саяжай үшін деп жел телімдері бөлініп берілген. Бірақ ол жерлерді игеруден саяжай иелері түгелдей бас тартады. Өйткені, топырақты аударса, адам сүйегі шыққан. Табылған әр бас сүйектердің бәрінің шүйдесі тесік, атылған оқтың ізі болған. Осыдан кейін «үлкен террор» құрбандарын жасырын түрде осы жерге көміп отырғаны белгілі болып, Жаңалық ауылы репрессия құрбандарының қорым жері деп белгіленді. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскендігін білеміз. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi жаппай саяси қуғын-сүргiндерге ұшыраған адамдарға қатысты әдiлеттiлiктi қалпына келтiруге батыл бел байлап, осы қуғын-сүргiндердiң барлық құрбандарын ақтау, оларға тигiзген моральдық және материалдық залалды қазiргi уақытта барынша мүмкiн болатын өтеудi қамтамасыз ету мақсатында бірқатар игілікті істер атқарылды. Бұл шаралар – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы еді. Талай аты аталмай жазықсыз кеткен құрбандарға тарихта тиесілі бағасы берілді. Жаппай жерлеу орнында мемориал құру туралы мәселелер талқыланып 2002 жылы 31 мамырда ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Негізгі жұмыстың мағынасы: НКВД-ның төрт бұрышты гранит тасы төрт құбыладан қайғырып жатқан немесе келіп тұрған аналардың басын көтертпей басып тұр. Іштегі істерді ешқайда жарияламандар дегендей. Тура қарағанда ортасында көрініп тұрған шамның ішінен мылтықтың басы шығып тұр. Түрмеге түскен адамды орындыққа отырғызып үстінен шам жағып тергеген. Түрме кінәлі адамдарды түзетіп дұрыс тәрбиелеп жіберу керек қой. Мында кірген кінәсіз зиялы адамдарды атып отырған. Шамның ішінен шығып тұрған мылтықтың басы соны білдіреді. Отыратын орындық сұрланып суық түс беріп тұр. Монументке жақындағанда екі шетіндегі тұрған тасқа жазулар жазылған. Алдына келгенде үшбұрышты баспалдақ: үш адам шешім қабылдап ата берген (тройка). Баспалдақпен ішке кіргеніменен керісінше шығатын жартысы жоқ. Оның орнына қызыл граниттен қан аққандай рельеф жасалған. Ішке кірген адамдар шықпай атылып отырғанын білдіреді. Төрт құбыладан репрессияға ұшырағандардың жұбайлары, аналарының көз жастары мүсіндегі төрт ананың кеудесінде бейнеленген. Аналардың көз алдында тор ішіндегі орындық, төбедегі шам, ішіндегі шығып тұрған мылтықтың басы халықтың қамын ойлаған жазықсыз жандар мен НКВД-ның жасаған істері қараған адамды күңірентпей қоймайды.
Сталиндік репрессия жылдары жазықсыздан жазықсыз жазаланып, қанды науқанда атылған Шахзада Шонанова, Торғай Сүлейменова, Мәмилә Таңатова сынды қазақ қыздары да бар еді. Шахзада Аронқызы – педагог-әдіскер, 20 ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі. Шонанованың әкесі Арон – белгілі қоғам қайраткері, заңгер, оқыған адам болған. Осыған байланысты шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайы Шонанованың болашақ тағдырына көп қиындықтар келтірді. Екі оқу орнынан да «үстем тап өкілінің қызы» деген айып тағылып, шығарылады. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Телжан Шонановқа тұрмысқа шыққан ол Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғалым-хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарды. 1936 жылы қызметтен еріксіз босаған Шонанова ҚазМУ-дың биологиялық факультетіне оқуға түсті. Бірақ оны аяқтай алмады. 1937 жылы қисынсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған Шонанова саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Оған тағылған айып: «1926 жылдан буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеген, Жапонияның басшылығындағы қазақтың буржуазиялық мемлекетін орнатпақшы террористік, диверсантты-зиянкестік ұйымның басшылары Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған. 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген. Ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген… Жасаған қылмыстарына кінәлі деп табылған Шонанова Шахзада ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесіліп, оның иелігіндегі дүние-мүлкі түгелдей тәркіленсін».
МУЗЕЙ – ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОШАҒЫ
Мәдени құндылықтарды, баға жетпес өнер туындыларын, атадан балаға мирас болып қалатын мұраларды жинақтаушы мәртебелі муза сарайының рөлі аса зор. Мұражайдағы экспонаттар жас ұрпақты тарихын тануға, болашағын бағамдауға үндейді. Тарихымыздың дереккөзі, құнды жәдігерлеріміз, өткен күннен сыр шертер тарих қойнауы да осында.
— Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Жетісу өңірі мен Алматы қаласындағы НКВД түрмесінде азапталып, ажал құшқан барша «Үлкен террор» құрбандарының трагедиялық тағдырын айғақтайтын экспозициялармен жабдықталды. Сол 2018 жылы ашылғаннан бастап музейдің ең негізгі басты бағыты – ғылыми-зерттеу ісін жандандыру болды. Бұл өркениетті елдерде музей саласында уақтылы қолға алынған заманауи талап болатын. Оның үстіне саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық мәселесі кеңестік 70 жылда «аса құпия» грифі соғылған «ақтаңдақ» тақырып екені белгілі. Ал саяси қуғын-сүргіннің өзі тек атып, асуды ғана емес, қазақ жұрты үш рет бастан кешкен алапат ашаршылық, халық көтерілістері, кәмпеске, босқыншылық, детдомдар, түрмелер, депортация, азаматтық құқы шектелу мен сайлау құқынан айырылу, Түркістан легионы, әскери тұтқындар, диссиденттер, т.б. ондаған тақырыпты қамтитын аса күрделі де күрмеулі, зерттеушілер түрен салмаған тың тарихи сала еді. Сол себепті де музей өзінің алдына таяу болашақта зерттеу объектісі ретінде бұрын-соңды арнайы ғылыми ізденістер жүргізілмеген қос өзекті тақырыпты – Жетісу Алашордасы және Жетісу жеріндегі халық көтерілістері мен босқыншылықты барынша толыққанды зерттеуді қолға алды. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Жетісу өңірін қамтитын бұрынғы Алматы округіне сонау Сергиполь-Аягөзден бастап, қазіргі Қырғызстан аумағы түгелге жуық кіретін. Міне, сол себепті де музей жанынан үш рет қазақ-қырғыз тарихшыларының бірлескен халықаралық конференциясы ұйымдастырылды. Тарих ғылымында «Жетісу Алашордасы» ұғымы орнығып, «Алаш» партиясының қырғыз қанаты» атты монография жарияланды. Бұл іс жалғасын тауып, 2023 жылы қос елдің саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Қырғызстанда атылған қазақтар хақында арнайы «Азалы кітапты» жарыққа шығарды. Сондай-ақ осы орайда Монғолиядағы сталиндік зұлмат туралы кітаптың жарық көргенін және музей қызметкерлері Ресейдің Омбы облысында атылған қазақтарды түгендеп, үлкен ғылыми еңбек дайындап жатқанын айта кеткіміз келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында қабылданған «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссиялар құру туралы» Жарлығының жариялануы музей жұмысына жаңа қарқын беріп, ғылыми-зерттеу істерінің екінші тынысы ашылды. Профессор Ғарифолла Әнестің басшылығымен «Жетісудың шерлі тарихы» атты авторлық ғылыми-экспедициялық жоба дайындалып, жоба Алматы облысының әкімдігінен қолдау тапты. Жобаның мақсаты – өңір бойынша саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық, тәркілеу мен босқыншылық, шаруалар көтерілістері мен депортация құрбандарын анықтау. Үш жылға арналған (2021-2023 жж.) жобаның алғашқы жылының қорытындысы бойынша музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Алматы облысына қарасты жеті ауданға ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Аудандарда өлкетанушылармен және жұртшылықпен кездесу барысында естеліктер жиналып, аудандық архивтерден көптеген тың мәліметтер табылды. Мәселен, осы күнге дейін беймәлім болып келген Райымбек ауданында «Көрсай» (Қытайға босқан қазақтар шекарада екі жақтың пулеметпен атқылауынан қырылған) және Ұйғыр ауданында «Үлкен Ақсу» (1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс үшін кек аламыз деп Ақсу ауылының 500-ге жуық тұрғынын түгел қырған) қорымдары анықталды. Панфилов ауданында болған «Харгос қырғыны» туралы көптеген жаңа дерек анықталды. Жергілікті архивтен «Шекарадан өтпек болған 200 бандитті тоқтатып, қырдық» деген жазба табылды, олар босқынға ұшыраған қазақтар болатын. Көптеген тың деректер аталмыш жобаның бірінші жылының қорытындысы бойынша жарық көрген «Жетісудағы аштық», «Жетісудағы мүлікті тәркілеу тарихынан: Қастек ауданы» кітаптарында, 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Алатау өңірі: Алаш қайраткерлері», «Жетісудағы мүлікті тәркілеу тарихынан: Балқаш ауданы» атты еңбектерде алғаш рет жария болды. 1937-1938 жылдардағы «Үлкен террор» кезеңінде жазықсыз атылған 25 мың құрбанның 5 мыңға жуығы Алматы қаласындағы НКВД ғимаратында атылып, Жаңалық елді мекеніне жасырын жеткізілген деп есептейміз. 2023 жылы жазда Қазақстанда алғашқы рет Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен репрессия қорымына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы, т.ғ.д. профессор Байгунаков Досболдың жетекшілігімен «Алматы облысы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қалдықтарының археологиялық вирификациясы мен тарихи идентификациясы: пәнаралық зерттеулер» жобасы бойынша 50 құрбанның сүйегі қазылып алынып, генетикалық сараптама жүргізуге арнайы лабораторияға жөнелтілді. Әрине, мұндай іргелі істерді атқару үшін музей ұжымы ғылыми қызметкерлермен толығып, арнайы орталық не бөлім ашылып жатса құба-құп. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Жаңа Қазақстандағы жаңа музейлер ісін ғылыми-инновациялық форматта дамытып, отандық және шетелдік зерттеуші ғалымдарды көптеп тартып, тың үрдістер пайда болады деген үмітіміз зор, өйткені бұл – заман талабы.