Бәрімізге белгілі, жаз айы шыққанда саяхаттап өзге елге баруды ойластырамыз. Алайда, денсаулық пен рухани жағын да ойлауымыз керек. Журналистер үйіне кездесуге келген Жетісу облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова мен «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы» КММ-нің директоры Дәулет Қазыкенов «Шетелге шыққанда түрлі жұқпалардан сақ болыңыз» деген тақырыпта өз кеңестерін білдірді.
Спикер Индира Саветкалиқызы: – Жазғы демалыста жақын және алыс шетелге туристік сапармен барушылар қатары көбейеді. Осы ретте, ең бастысы әр адам өз денсаулығын ойлауы керек. Сондықтан да шетелге шыққанда неге мән беру керек соған тоқталайын. Ең алдымен инфекциялық аурулардан сақтану қажет. Әлемнің әртүрлі елдерінде адам денсаулығына қауіп төндіретін жұқпалы және паразиттік аурулардың бар екендігін еске салғым келеді. Қазіргі уақытта әлемде оба,тырысқақ, сібіржарасы, туляремия, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы, Ласса, Денге, сары қызба, хантавирустар (негізінен кеміргіштер тарататын РНҚ вирустары, геморрагиялық қызба немесе хантавирусты өкпе синдромы дамуы мүмкін, негізінен Азия мен Еуропада), Кьясанур орман ауруы ,маймыл шешегі, коронавирустық инфекция, менингококк инфекциясы сияқты қауіпті аурулар тіркелуде. Сондықтан да, саяхатқа шықпас бұрын, климатқа, тамақтану жағдайларына, мәдени демалыстың ерекшеліктеріне назар аударған жөн. Белгілі бір елге шығуға денсаулығыңыздың жағдайы қаншалықты мүмкіндік беретінін қарастырып алыңыз. Айтар болсақ, жұқпалы және паразиттік аурулар су, азық-түлік, топырақ, ауруды тасымалдаушылардан, ауру жануарлардан жұғуы мүмкін. Сондықтан да сақтық шараларына аса мән берген жөн. Қайнатылған немесе өңделген ауыз суды пайдалану, ет, балық, теңіз өнімдері термиялық өңдеуден өтуі тиіс. Көкөніс пен жемістерді жуып жеген абзал. Қолдың гигеналық тазалығын сақтаңыз. Рұқсат етілген жерде суға шомылған дұрыс. Судың ауыз қуысына кіріп кетуінен сақтаныңыз. Жәндіктердің шағуынан қорғану үшін жәндіктерге қарсы құралдарды қолдану, оларды дененің ашық жерлеріне жағу және киімге сіңдіру ұсынылады. Сондай-ақ үй-жайларда мүмкіндігінше терезелер мен есіктерді торлау, кереуеттерді шымылдық құрып пайдалану қажет.
Егер саяхат кезінде немесе қайтып келгеннен кейін Сізде немесе Сіздің жақындарыңызда дене қызуы көтеріліп, жүрек айну, құсу, іш өту, қанды қақырықпен жөтел, тері мен шырышты қабатта бөртпе пайда болса, шұғыл түрде дәрігерге жүгіну қажет. Мұндай жағдайда жұқпалы және паразиттік ауруларға тексерілу керек. Дәрігерге қандай елде, қашан және қандай мерзімде болғаныңызды хабарлау қажет.
Егер ауа райы ыстық елдерге баратын болсаңыз, алдын ала күл ауруына, сіреспе, полиомелитке қарсы егілген дұрыс. Африка ( Сахарадан оңтүстікке қарай) мен Латын Америкасына бара кезде сары қызбаға, ал Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африка елдерінде ұзақ уақыт болатын болсаңыз онда В гепатитіне қарсы егілген жөн.
Спикерлердің айтуынша, осы ағымдағы жылы қажылыққа бару маусым айынан бастап жоспарланған. Жыл сайын қажылыққа әлемнің 160 елінен 2 млн.-ға жуық адам қатысатын болса, оның ішінде 3-4 мың адам Қазақстан Республикасынан барады. Бұл кезде екпе алу міндетті. Мәселен, Сауд Арабиясы менингококк инфекциясы бойынша қолайсыз ел болып табылады.
Сауд Арабиясы корольдігінің денсаулық сақтау министрлігінің адамдардың қажылыққа дайындалу мәселесіне қоятын маңызды талабы – ол дәрігердің қорытындысы бар медициналық тексеру және менингококк инфекциясына қарсы вакцинацияның болуы.
Умра, қажылық мақсатында немесе маусымдық жұмыстар үшін келушілер Сауд Арабиясына келгенге дейін 3 жылдан аспайтын және кемінде 10 күн бұрын берілген төрт валентті (ACYW135) менингитке қарсы вакцинациялау туралы куәлікті ұсынуы керек. Келушінің шыққан елінің жауапты органдары ересектер мен 2 жастан асқан балаларға төрт валентті полисахаридті вакцинаның (ACYW135) 1 дозасын енгізуді қамтамасыз етуі тиіс.
Қажылық кезінде адамдар көп жиналатын орындарда болған кезде жеке профилактикалық шараларды сақтау керектігін мамандар қатаң ескертеді.
Сапардан қайтып келгенде және аурудың кез келген симптомы (қалтырау, температураның көтерілуі, сырқаттану, тама тың ауруы және басқасы)пайда болса, тез арада дәрігер шақыртып, оған қажылыққа барғаныңызды айту қажет. Сақтық ережелерін ұстанған жөн.