Астың дәмін келтіретін тұз болса, екеуінің де дәмін келтіретін –білгір аспаз. Өнердің түрі көп. Соның ішінде аспаздық өз алдына бір сала. ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментіне қарасты Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының «Текелі» оқу жаттығу үйрету кавалериялық тобының аспазы Фатима Сарымсақованың негізгі мамандығы- балабақша тәрбиешісі.
Оқу орнын тәмамдап, жаңадан еңбек жолын бастаған тұста тоқсаныншы жылдардың қайта құру кезеңіне тап болады. Сол тұста балабақша жабылады. Түрлі жұмыстар істеп, тұрақты қызмет іздейді. Содан қосымша аспаздық мамандық бойынша курста оқиды. Бала кезден тамақты дәмдеп пісіруді Фатима тез-ақ үйреніп алады.
«Аспаздық өнерді маған Жаратқанның сыйы деп білемін. Әр тағамды шын жүректен дайындаймын. Шекарашылар ұжымы жанұямдай болып кетті. Қарулас достардың бір-біріне деген жанашыр болатынын осы әскери ортаға келгелі түсіндім. Олар әрдайым бір-біріне көмегін беруге әзір. Қолдарынан келген жақсылықты аямайды. Ал мен болсам, өз кезегімде қырағы қызметте жүрген шекарашыларға құнарлы да нәрлі, дәруменге толы тағам дайындауға әзірмін. Пісірген тағамды уақтылы үстелге қоямын. Әскери қызметшілер үшін тәртіптің бірінші орында екенін жақсы түсінемін. Мейрам күндері мерекелік ас мәзірін ұсынамын. Әрине, ол кезде тәттілердің түр-түрін дайындауға тырысамын. Өзіме негізінен сірне, жапаншы, мәнті, лағман дайындаған ұнайды. Әзірлеген астың әр адамның көңілінен шығып жатса одан асқан бақыт жоқ. Мемлекеттік шекара күзетінде жүрген шекарашылардың мерейі арта берсін»,-дейді Фатима Нұрахметқызы.
Біз де шебер аспаздың жұмысына сәттілік тіледік.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті