Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен микрокредит берудің қағидасын бекітті.
Осы мақсаттарға облыста 1 млрд. 245 млн. теңгеге 249 шағын несие беріледі.
Микрокредиттер «Аграрлық несие корпорациясының Жетісу облысы бойынша филиалы» АҚ арқылы берілетін болады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% — дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы 5 млн теңгеге дейін және ол үшін кепілдің болуы міндетті.
Микрокредиттерді кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.
Қағидаларда кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын жастар үшін конкурстық негізде мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу, нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып микрокредит беру көзделген.
Қағидаларда сенім білдірілген агентке (АКК) жүгінген кезде жекекәсіпкер ретінде 5 жылдан кем тіркелген жағдайда, жастар үшін конкурстық негізде микрокредиттер беру көзделген.
Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды.
Кеңес алу үшін аудандар мен қалалардың жұмыспен қамту орталықтарына және Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуға болады.
Құжаттарды тапсыру үшін Талдықорған қаласы, Көктем шағын ауданы, 10, «Көктем Гранд» ғимараты мекенжайы бойынша «Жетісу облысы бойынша Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына жүгінуге болады.