«Соңғы қоңырау» салтанаты – бұл жас түлектер үшін толқитын әрі сыныптастарымен, мектеппен, он бір жыл білім берген аяулы ұстаздарымен қимай қоштасатын сәт. Күллі оқушы тағы бір оқу жылын аяқтап, есейеді. Ұстаздардың, мектептің де қадірі жылдан-жылға арта түседі. Әр бала бір жасқа өсіп, биылғы оқу жылын аяқтап отыр.
Облыс орталығы Талдықорған қаласы оқушыларының білімі, оқудағы жетістігі, балалар демалысы бойынша қойылған сауалдарға «Жетісу облысы Білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Әсел Жайлымысовадан жауаптар алған едік.
Қазіргі таңда Талдықорған қаласы бойынша білім бөліміне қарасты жүздеген білім беру мекемесі жұмыс жасайды. Оның 26-сы жалпы орта білім беретін мекеме, яғни, мектеп пен 65-сі мектепке дейінгі білім беру ошағы, яғни балабақшалар (оның 16 мемлекеттік, 41 жекеменшік, 8 мектептен шағын орталықтар), 5 қосымша білім беру мекемесі және де кешкі (ауысымды) мектеп.
Тағы бір айтарлығы жалпы білім беру саласында мемлекеттік білім беру ұйымдарымен қатар жекеменшіктік мектептер пайда болды. Соңғы жылдары қаламызда білім берудің жаңашылдық үлгісіне сай жекеменшік 4 мектеп, олар «Әлем», «Innoverse-Taldyqorgan», «№125 Taldyqorgan», «Dostyq School Taldyqorgan» шәкірт оқытып, тәрбиелеуде.
Айтар болсақ, қаламыздағы жалпы білім беретін 26 мектепте 2023-2024 оқу жылында басында 34817 оқушы білім алды. Бұл көрсеткіш оқу жылының IV тоқсанының соңында 1-11 сынып оқушыларының саны – 35038-ді құрады. Оның ішінде 5 ауылдық мектептерде (№11, №21, №22, №23, 26) 4557 оқушы оқиды.
Білім сапасына тоқтала кетсек. Өткен оқу жылымен салыстыра айтқанда, жылдық қорытындысы бойынша 33695 оқушы болған болса, оның 5274 оқу озаты, 14396 оқу екпіндісі. Білім сапасы — 66,5 пайыз (2021-2022 оқу жылы 65,2). Талдықорған қаласы бойынша 27 жалпы білім беретін мектеп бар, оның ішінде 2 мектепте (№29 ОМЛ, №30 ОМ) 11 сынып жоқ. Қалған 25 жалпы білім беретін мектепте 11 сыныпты 1332 түлек бітіріп отыр. Мектеп бітіруші түлектердің ішінен 47-сі «Алтын белгіге», ал 79 оқушы үздік аттестатқа үміткер.Ұлттық бірыңғай тестілеу 2024 жылдың 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткізіледі.
Үстіміздегі оқу жылында еліміз бойынша бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтануға жағдай жасалды. Бұл біздің қала мектептеріндегі жалпы білім беретін 27 мекемеде жүзеге асты. Бұл мақсатқа жалпы білім беру қорынан ағымдағы жылы 659 млн. 221 мың теңге бөлінді. Бұл жерде тамақтануға 1-4 сыныптар-2562, 5-11 сыныптардан 3576 баланы құрады. Негізінен, 5 категория бойынша әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар, ТЖ салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылар балаларына, көпбалалы отбасылар балалары осы категорияға кіреді.
«Білімді мыңды жығар» дегендей, оқушылар білім, спорт сайыстарына қатысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Айтар болсақ, дарынды оқушылардың білімі мен алғырлығын анықтау мақсатында жалпы білім беретін пәндер бойынша 2-4, 5-6, 7-8, 9-11 сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиада, 2-4 сынып оқушыларына арналған математикалық бағытта «Бастау» олимпиадасы, ауыл мектептеріне 9-11 сынып оқушыларына арналған олимпиада, 8-11 сынып оқушыларына арналған лингвистика республикалық олимпиада, жаратылыстану-математика циклы пәндер бойынша XVI Президенттік олимпиада, 7-8 сынып оқушыларымарасында география пәнінен Ұлттық олимпиада өткізілді.
Қазақ жазушыларының шығармаларын оқушыларға насихаттау мақсатында өткізілген әдеби оқулар «Әбіш оқулары» байқауы, Мұқағали Мақатаев оқулары, «Ілияс Жансүгіров оқулары» байқауы, «Мағжан оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы, «Ясауитану» білім байқауы, «Абай оқуы»байқауы, «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауы, «Жыр алыбы-Жамбыл» атты жас ақындар айтысы.
Сондай-ақ, «Бейсен Құранбек» байқауы, «Кемел Тоқаевтың қазақ әдебиетіндегі рөлі» байқауы, 8-11 сынып оқушылары арасындағы ІХ республикалық «Ақберен» өнер байқауы, «Балалар әлемі» байқауы, ІІІ «Абай әлемі» шығармашылық байқауы, «Robotek Grand Tournament» турнирі, 5-8 сынып оқушыларына арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкурсы, «Менің кіші Отаным» республикалық байқауы, «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасы- оқушылардың дарынын ашуға жол ашты.Кең көлемде қолға алынған 2-4 сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиадасы облыстық кезеңіне 38 оқушы қатысып, оның 32-сі жүлделі орындарды иеленді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5-6 сынып оқушыларына арналған пәндік олимпиадасы облыстық кезеңіне — 19 оқушының 13-і жүлделі орындардың иегері атанды. Республикалық кезеңде бір оқушымыз ІІ орын, бір оқушы ІІІ орын иеленді. Биыл ауыл балаларына арналған пәндік олимпиада тұңғыш рет қолға алынған болатын. Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған олимпиаданың облыстық кезеңіне 7 оқушы қатысып, 6-уы жүлделі орындарды иеленді. Ал республикалық кезеңде бір оқушы Алғыс хат алды.
Күні кеше қала мектептері арасында « Мектеп барысы» спорттық шарасы бастау алды. Қала әкімінің қолдауымен өткен шарада оқушылар белсенділік танытты.
Балалар үшін жазғы демалыс уақыты басталды. Бұл ретте, олардың бос уақытын тиімді өткізуге де көңіл бөлінуде. Айтар болсақ, Талдықорған қаласы бойынша 28632 бала жазғы сауықтырумен қамтылады. Оның 2015-і (әлеуметтік осал топтағы балалар) жергілікті бюджеттен қала сыртындағы лагерлерде 6 ауысыммен демалады.
Ал, 26117-сі мектеп жанындағы түске дейінгі лагерлермен қамтылмақ. Жергілікті бюджет тарапынан қаланың көрнекті жерлеріне (Талдықорған қаласындағы ойын-сауықтыру орталықтарына, қауыздарға, мұражайға, театрға,теннистік кортқа, ипподромға, көркемсурет галереясына)мектеп жанындағы лагерьдің балалары туристік саяхаттармен қамтылады.Сонымен қатар, әр оқушы шығармашылық, зияткерлік шыңдау бағыттарымен уақытын тиімді өткізуге көңіл бөлініп отыр.
Бүгін, 24 мамыр күні 2023-2024 оқу жылының қорытындысы ретінде «Білімім-Отаныма!» атты жалпыреспубликалық бірыңғай сынып сағаты өтуде. Ал 25 мамырда мектеп қабырғасында түлектерге арналған дәстүрлі «Соңғы қоңырау» өтеді деп жоспарланған. Аттестаттар 12-15 маусымда тапсырылады.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 9,11 сынып оқушыларының салтанатты іс-шаралар мен банкеттерді өткізуге, автомобильмен жүруге ақша жинаудың алдын алу мақсатында ақша жинауға тыйым салынады. Бұл балалар қауіпсіздігі үшін маңызды.
Мектеп бітірушілер қадамыңызға нұр жаусын! Жүрек қалауындағы мамандықтың иесі болып, білікті маман атаныңыздар. Алдағы мемлекттік емтихандарды ойдағыдай тапсыруларыңызға тілектестік білдіреміз.
Суретте : Талдықорған қаласындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар Сайын Мұратбеков атындағы №9 орта мектептің түлектері сынып жетекшілері Мадина Оңғаровамен.