Талдықорғанда еліміз бойынша тұңғыш рет оқушылар арасында қазақ күресінен «Мектеп Барысы» жобасының ақтық кезеңі өтті. Тартысқа толы додаға, қаламыздың 27 мектебінен іріктеліп шыққан үздік балуандар «Мектеп Барысы» атағы үшін белдесіп, өзара мықтыны анықтады.
Жарыс шымылдығын қала әкімі Ернат Бәзіл ашып, жас өрендерге сәттілік тілеп, қазақ күресінің одан әрі дамуы үшін бұндай тың жобаларды әрқашан қолдайтындығын айтып өтті. Ақтық кезеңде топ жарып қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңген №12 орта мектебінің оқушысы Бақытбек Исажан тұңғыш «Мектеп барысы» атанды.
Ал жүлделі ІІ- орынды ең жас балуан небәрі 13 жастағы №29 орта мектебінің оқушысы Қоғайбек Бекзат, үштікті №4 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Мүсәлім Нұрәлі иеленді.
Бұдан бөлек, белдесуде ерекше көзге түскен балуандар да назардан тыс қалмай ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Қазақ күресінің одан әрі дамуына қолдау танытып, жас балуандарға ақшалай көмегін ұсынған жомарт жанды азаматтарға шынайы алғыс білдіреміз. Атап айтқанда, демеушілік еткен «Болашақ» құрылыс дүкені мен «Savor», «Issmile» және «Мillennium» мейрамханалары.