Жастарды мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі

400

Енді жастарды мемлекеттік қызметке қабылдау тәртібі жеңілдейді. Міне, бұл, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерде анық көрсетілген. Бұл туралы Jetysu media өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында  өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап айтып берді.

 БАҚ өкілдері алдында өткен жылғы атқарылған істерді қорытындылаған  Қобылан Тоқбергенұлы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы кеңінен тоқталды.

 – Біріншіден, мемлекеттік тапсырыс негізінде (грант) жоғары оқу орындарын үздік нәтижелермен аяқтаған түлектерге бір жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз уәкілетті органның келісімін ала отырып тікелей тағайындалу мүмкіндігі берілді.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Екіншіден, «Б» корпусының бірқатар жоғары лауазымдарына (мысалы: департамент және басқарма басшысы) уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр.

Үшіншіден, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.

Төртіншіден, екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі. Ал, төменгі бос лауазым болмағанда – қызметтен шығарылады. Бұл аппаратты тиімсіз мемлекеттік қызметшілерден босатуға ықпалын тигізіп, мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді, -деді ол.

Осыдан соң департамент басшысы облыстың мемлекеттік аппараты кадрларының жай-күйі туралы ақпаратпен бөлісті. Баяндамашының айтуынша, облыстық мемлекеттік аппараттың штаттық жағдайына жүргізілген мониторинг нәтижелері мемлекеттік қызметшілер сапасының жақсарғанын көрсетеді. Бүгінгі күні Жетісу облысындағы 350-ге жуық  мекемелердегі мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3500-ден асады. Мұндағы әйел қызметшілер 50,4 пайызды құраса,  олардың орташа жас  мөлшері 40,1 болып табылады. Облыста «Болашақ» бағдарламасының – 2, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 6 түлегі еңбек етеді. 2016 жылы мансап үлгісінің енгізілуімен меритократия қағидаты бойынша жоғарылатылған қызметкерлер санының өсуінің тұрақты үрдісі байқалған. Мәселен, 2022 жылы облыстың жергілікті атқарушы органдарында ішкі конкурстармен тағайындалған. Сондай-ақ, қызметшілердің  Әдеп жөніндегі заң талаптарын сақтау басты назарда. Осыған байланысты өткен жылы аймақта тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін және Әдеп кодексі нормаларын бұзған  10 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.

Бүгінде Жетісу облысында көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 762  түрі бар. Оның  467 орталық, 295 түрі жергілікті атқарушы органдар жағынан көрсетіледі. Нақтырақ айтсық баяндамашының  мәліметінше, 2022 жылдың 6 айында аймақта 1,5 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілсе,  оның дені, яғни, 94,4 пайызы электрондық үлгіде алынған. Басқосу соңында департамент басшысы тілшілердің қойған әрбір сауалына жауап берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз