Ер есімі – ел есінде

278

Адамзат аңсап күткен азаттықтың туы  желбіреген  Жеңіс күніне орай  «Ер есімі – ел есінде» салтанатты шарасы өтті. Бұл  Отаны үшін кеудесін оққа төсеп,  бейбіт өмір сыйлаған,  қайтпас қайсарлықтың үлгісі  ардақты  ардагерлерге деген жетісулықтардың  құрметі.

Биылғы Жеңіс күнін 4 жетісулық ардагер қарсы алуда.  Олар – ақсулық Моисеев Гаврил Степанович, талдықорғандық Ысқақ Құсайынов, Төлеубай Шектібаев пен  Қаңтарбай Сәрсенбай ақсақалдар. Салтанатты жиын алдында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жеңіс мерекесінің құрметіне арнайы келген Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен бірге ардагерлердің шаңырақтарына барып, барша халықтың атынан құттықтап шықты. Одан әрмен жиналған қауыммен Даңқ Обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Бейбіт Өксікбайұлы «Жеңіс күні бейбітшіліктің мәңгі жасампаздығын, тыныштықтың баға жетпес қадірін ұғындыратын айтулы мереке. Бұл – ата-бабаларымыздың қажыры мен қайсарлығын, ерлігі мен елжандылығын ұлықтайтын қастерлі күн. Осы күні біз ұрпаққа ашық аспан, алаңсыз өмір сыйлаған ержүрек майдангерлерді еске алып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіп,ерліктеріне тағзым етеміз. Кешегі бабаларымыздың сұрапыл соғыс жылдарындағы патриоттық ерлігін бейбіт күнде халқымыз еселі еңбегімен, жарасымды ынтымағымен, тату тірлігімен жалғастырып келеді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы,еліміз өркенді болуы үшін біз бабалар салған бейбітсүйгіш қасиетті еселеп, елдік жолын бағдар етіп, жаңа заманға, жарқын болашаққа береке-бірлікпен қадам жасауымыз керек» –деп ардагерлерге денсаулық, әулеттеріне қуаныш пен шаттық тіледі. Орталық саябақта Абай көшесінен бастап Талдықорған әскери гарнизонының және төтенше жағдайлар департаментінің техника жабдықтарының көрмесі қойылды. Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері «Бейбітшілік әлемі» атты көркем сурет көрмесін ұсынды. «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс!» атты театрландырылған көрініс көрсетіліп,  Д.Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармония әртістері, «Талдықорған әуендері» ФЭА-нің әншілері мен Талдықорған әскери гарнизонының өнерпаздары мерекелік концерт ұсынды.

Мереке аясында Талдықорған қаласындағы әскери-әуе күштерінің № 21751 әскери бөліміне  Кеңес Одағының екі мәрте батыры, әскери ұшқыш Сергей Данилович Луганскийдің есімі беріліп, бюсті орнатылды. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  биылғы жылғы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында Талдықорғандағы осы әскери базаға Сергей Луганскийдің атын беру туралы бастама көтергенін атап өтіп, «Батырдың есімін иелену – әскери бөлім үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұдан былай да Отан алдындағы жауынгерлік парыздарыңызды лайықты орындап, ел қорғанысы шебіндегі еңбектеріңіздің жемісті болатынына сенемін»-деді. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Ұлы Отан соғысы жылдарында бес жүзден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның ішінде Леонид Беда, Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский және Иван Павлов Батыр атағын екі мәрте алды. Қарулы күштердің жеке құрамы Мемлекет басшысының ержүрек ұшқыштың есімін мәңгілік есте қалдыру туралы ұсынысын қуана қабылдады», — деп Президент армияның жоғары жауынгерлік дайындығын қолдау және мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ісіндегі жетістіктеріне жоғары баға бергенін атап өтті. Шара аясында С. Луганскийдің өмірі мен ерлігі туралы фильм көрсетіліп, фотосурет және кітап көрмелері ұйымдастырылды. Қарулы күштер шығармашылық ұжымдарының күшімен концерттік бағдарлама дайындалды.

Айта кетейік, аты аңызға айналған ұшқыш 1938 жылы Орынбор әскери авиациялық мектебін бітіргеннен кейін Ленинград әскери округінің 49-шы жауынгерлік авиациялық полкінде, содан кейін Балтық жағалауында қызмет еткен. 1941 жылы мамырда Солтүстік Кавказ әскери округінің 271-ші жойғыш авиациялық полкі эскадрилья командирінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 1941 жылдың қазан айынан бастап Ұлы Отан соғысы майдандарында соғысқан. 1942 жылы мамырда ол 270-ші жауынгерлік авиация полкінің эскадрильясын басқарды. 1944 жылы маусымда Луганский полк командирі болып тағайындалды. Ол Оңтүстік, Солтүстік Кавказ, Воронеж, Далалық, 2-ші және 3-ші Украин майдандарында соғысқан. Дондағы Ростовтағы, Курск доғасындағы шайқастарға, Днепрді, Украина КСР-і мен Польшаны азат етуге қатысты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз