7 мамыр — ҚР Қарулы Күштерінің құрылған күні. Бұл күнді қазақстандықтар Отан қорғаушы күні ретінде жыл сайын атап өтеді.Бүгін мерекеге орай Талдықорған қаласындағы мәңгілік алау басына таңертеңнен әскери қызметшілер,сарбаздар, «Жетісу қырандары» клубының тәрбиеленшілері сапқа тұрды.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Отан қорғаушылар күніне орай орталық саябақтағы Даңқ обелескісі — мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қою салтанатына қатысты.
Мерекеге арналған салтанатты шара облыс орталығындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жалғасты. Шаһар басшысы Ернат Бәзіл жиналғандарды Қарулы Күштердің құрылған күнімен құттықтады.
-Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы арқасында, Қарулы Күштеріміздің айбыны асқақтай түсіп, бүгінде, олар Тәуелсіз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігімізді кеңейтті.
Дана халқымыз «Ер – елінің қорғаны» десе, Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген сөздері ел намысын өз тағдырынан әрқашан жоғары қоятынын көрсетеді. Туған жері мен Отанын қорғау – батыр бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы.
Сондықтан да, Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматының алдындағы негізгі міндеті – осы бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтауға өзіндік үлесін қосу екендігін ұмытпаған жөн. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, мол табыс, отбасыларыңызға амандық, бақ- береке тілеймін. Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деді қала әкімі.
Жетісу гарнизонының командирі, полковник А.Төлегенов жиналғандар алдында мерекелік тілегін жеткізді. Осы шара 40- тай адам облыс және қала әкімінің марапаттарын иеленді. Сахна төріне ақ жаулықты ана Риза Бікенқызы шақырылып, Отан қорғау жолында қаза тапқан баласының марапаты табысталды. Ел қорғаны мен күзетінде қажырлы еңбек етіп жүргендер марапатқа ие болды. Салтанатты шара облыс өнерпаздарының концертіне ұласты.