Елдегі реформалар – ел игілігі үшін

529

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталып отырғаны баршамызға аян. Қазақстан халқына арнаған жолдауында айтылған Үкіметке жүктелген тапсырмалары – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр. Мұның бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз.

Жалпы елдегі саяси, экономикалық реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың Конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.

Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен Ата Заңға бірқатар өзгертулер енгізілді. Жай енгізіліп қана қоймай, Конституцияға енгізілетін өзгерістер халықтың талқысына ұсынылып, кейіннен референдум арқылы қабылданды. Бұл – Қазақстанның саяси аренасындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өтіп, сол кезде қолданыстағы Конституция бекітілген еді. Сонымен референдум нәтижесінде Конституциямызға енген негізгі өзгерістерді атап өтсек.

Мемлекет басшысы 16 наурыздағы Жолдауында бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару формасы қалыптасқанын атап өтіп, бұдан былай Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгертіп, Парламенттің рөлін күшейту қажеттігін айтқан еді. Осылайша, еліміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алды.

Президент халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығы төмен екенін, депутаттарды танымайтынын айтты. Сондықтан да аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Бұл барлық азаматтың құқығын толығымен сақтайды. Бұдан былай Мәжілістің депутаттық корпусы мынадай схема бойынша құрылмақ: 70% пропорционалды және 30% мажоритарлық негізде. Сонымен қатар, аралас модель облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауына да енгізілмек. Бұнда депутаттардың жартысы бір мандаттық округтардан, қалған жартысы партиялық тізім бойынша сайланады. Ал аудандар мен қалалардағы мәслихат сайлауын Президент толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды. Биылғы жылдың 19 наурызында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарының сайлауы Мемлекет басшысының ұсынған реформаларының жүзеге асып келе жатқандығының бір айғағы.

Бұдан былай сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашпақ.

Мемлекет басшысы Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қарауды ұсынды. Бұған дейін жоғарғы палата 49 депутаттан, яғни әр өңірден екі сенатор сайланып, 15 сенаторды Президент тағайындайтын. Тоқаев мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге, заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік бергенін, алайда қазір оны өзгерту керегін айтты. Оның сөзінше, Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, керісінше, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың ой-пікірін ескеретін тетік ретінде қарастыру керек. Осыған байланысты, Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсына алады.

Мемлекет басшысының басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуын айтуға болады. Жаңа облыстардың құрылуы – көптің көкейінде жүрген мәселелердің бірі. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында Семей өңірінде – Абай облысын, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысын, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысын құруды ұсынды.

Бұрынғы Алматы облысында халық санының көбеюіне байланысты өңір екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облысының орталығы – Қонаев (бұрынғы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді), Жетісу облысының орталығы – Талдықорған болды. Бұл да халықтың қолдауына ие болған оң шешім болғандығы айқын.

2022 жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа нәтижесінде әзірленіп, қабылданған алты заңға жария түрде қол қойды. Мемлекет басшысы: «Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық» – деген болатын.

Президент әділдік идеясы Қазақстанның мемлекеттік саясатының өзегі болуға тиіс екенін атап өтті. «Әлеуметтік әділдіктің негізі – уақыт талабына сай келетін заңдар, сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, азаматтардың еңбекқорлығы және жастардың озық білімге ұмтылысы. Мемлекет осы тұжырымды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтады. Сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына жол ашады, жалпыұлттық диалогты орнықтырады. Түптеп келгенде, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағын баянды етуге ықпал етпек.

 

                                                                                                       Айбол Қожатаев,

                                            Д.Қонаев атындағы Евразиялық заң академиясының

                                                     аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз