Талдықорған қаласында бүгінгі күнге 5895 адам жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр. Жыл басынан бері тұрақты жұмыс орнына 645 адам орналасты. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша 3679 адам жұмыспен қамтылған. Осындай ақпаратпен Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз-конференциясында қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков пен Мансап орталығы филиалының директоры Азамат Балтабеков бөлісті.
«Бүгінде жұмыссыздық мәселесі маңызды болып тұр. Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бүгінде қала әкімдігінің күн тәртібінде тұр. Бүгінгі күнге 267 мекемеден 463 жұмыс орнына ұсыныстар мен өтінімдер келіп түсті. Азаматтарымыздың барлығын жүйелі түрде тұрақты жұмыс істеп, қамтамасыз ету үшін кешенді жоспар қабылданып бекітілді. Қазір осы жоспарға сәйкес, шаралар қабылдануда», — деді қала әкімінің орынбасары.
Спикерлер қала бойынша сұранысқа ие мамандықтарды тілге тиек етті. Атап айтсақ, өңірде IT саласы, медицина, СММ менеджер, дене шынықтыру және әртүрлі бағыттағы инженерлер, құрылыс саласы қажеттілікті талап етеді екен.
Мансап орталығы директорының айтуынша, тұрғындарды жұмысқа орналастыру 4 бағыт бойынша жүзеге асады. Мәселен, «Жастар практикасы» мұнда кәсіби білімі бар, 35 жастан аспаған жұмыссыз ретінде тіркелген жастар жұмыс істей алады. Екінші «Алғашқы жұмыс орны» 35 жастан аспаған жастарға арналған кәсіби мамандығына сәйкес бейімдеу үшін жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар осы бағдарламамен жұмысқа жіберіледі. Үшінші бағыт 50 жастан асқан тұрғындарға «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жолдама беріледі. Төртінші бағдарлама «Қоғамдық жұмыс» бұл жерде ешқандай кәсіби білім талап етілмейді, жас ерекшелігі бойынша да ешқандай шектеу қойылмаған. 12 ай көлемінде Мансап орталығы арқылы қандай да бір мекемеге жұмысқа барып тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 3679 адам қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 2006 адам орналасып, қоғамдық жұмысқа 1210 адам тартылды. Қысқа мерзімді кәсіби оқуға жергілікті бюджеттен 88 млн. теңге бөлініп, 251 адам аспазшы, кондитер, шаштараз, бет, тырнақ әрлеуші, жиһаз жинаушы, әлеуметтік қызметкер, тігінші секілді мамандықтарды алып шықты.