«Мың бала» ұлттық олимпиадасының бірінші кезеңі 2 сәуір күні басталады

361

ҚР Оқу-ағарту министрлігі «El Umiti» Корпоративтік Қорымен біріге отырып бесінші жыл қатарынан ауыл оқушыларының 6-сыныптарына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасын өткізбек. «Мың бала» олимпиадасы — ауылдық жерлерде оқитын дарынды балаларды анықтауға және қолдауға арналған ең маңызды жобалардың бірі. Бұл жөнінде толығырақ облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов пен «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығының директоры Сандуғаш Жумагельдина баспасөз мәслихатында айтып берді.

Олимпиаданың 2-ші кезеңі  24-26 сәуір аралығында өтеді. Жобаға қатысқан оқушылар жеңімпаз атанса, еліміздің дарынды балаларға арналған мектептерінде ҚР заңнамасында бекітілген квотаға сәйкес «Білім-Инновация» лицейінде, Республикалық физика-математика мектебінде, «Дарын» мамандандырылған мектебінде білім алуға мүмкіндік беріледі. Биылғы жылы тіркелген оқушылар саны — 4884. «Мың бала» олимпиадасының мақсаты – жыл сайын ауылдық жерлерде оқитын 6-сынып оқушылары арасынан ең қабілетті деген оқушыларды анықтап, олардың еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде білім алуына мүмкіндік беру. Осылайша ауылдық жерлерде оқитын оқушылардың қабілетін дамытуға тең жағдай жасалады. Олимпиада өңіріміздегі ең ірі және маңызы жоғары жобалардың бірі екенін атап өткім келеді. Бұл олимпиада – ауыл оқушылары арасында ғана өткізіліп, оларға қосымша әлеуметтік лифт болатын ауқымды жоба. Өздеріңіз білетіндей, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының бір міндеті — орта білім беру сапасын арттыру. Әсіресе, өңірлер арасындағы, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы айырмашылықты қысқарту. Ал «Мың бала» олимпиадасы – осы  міндетті шешетін жобалардың бірі»-деді Марат Бекбосынұлы.

Сандуғаш Амирғалиқызы «Олимпиада екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең:  онлайн форматта өтеді. Тіркелген оқушылар 2 сәуір күні сағат  9:00-18:00 аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында тестілеуден өтуі керек. Тестілеу екі бөлімнен тұрады: «Логикалық ойлау» және «Кеңістіктік ойлау». Облыстар бойынша ең жоғары қорытынды балл алған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жіберіледі. Олимпиаданың екінші кезеңі 24 — 26 сәуір аралығында   «Ustudy» өңірлік тестілеу орталықтары базасында өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар  «Математикалық сауаттылық»; «Қазақ тілі» қазақ тілінде оқитын оқушыларға; «Орыс тілі» орыс тілінде оқитын оқушыларға; «Ағылшын тілі»; «Жаратылыстану» сынды пәндер бойынша академиялық білімін бағалайтын компьютерлік тестілеуден өтеді»- деп олимпиадаға қатысу тегін екенін баса айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз