Театр күні мерекесі — сахна өнерінің барлық білгірлерін және осы салаға қатысты әрбір жанды біріктіретін ерекше мереке. Бұл күн театр өнерінің ұлылығын, қоғамның мәдени өміріндегі маңыздылығын, оның даму динамикасын арттыратын күн. Театр – әртістердің таланты арқылы сахна өнері өмірге келетін орын. Аталмыш өнер тармағы түрлі қойылым, актерлік шеберлік, сахналық музыка, декорациялар мен жарықтандыру арқылы оқиғаларды дәл жеткізе алатын біріктірілген ұғым, көрермендерді шабыттандыратын және оларды қиял мен сұлулық әлеміне батыратын мекен. Ал, әрбір спектакль біз үшін өмірімізді өнердің сұлулығы мен тереңдігіне толтыратын бірегей және ұмытылмас ғажайып сәт.
Аталмыш мереке аясында Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры Ерлік Жуасбек, көркемдік жетекшісі Данияр Базарқұлов пен 48 жылдық еңбек өтілі бар Мәкен Нұрмұханбетова баспасөз мәслихатында алдағы жоспарлармен бөлісті. «Театрға келушілердің де, құрметтеушілердің де қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Қазір рухани жағынан театрда мәдени жарылыс болып жатыр десек артық айтқандық емес. Біздің тараптан бір жарым ай ішінде көрермен назарына 3 спектакль ұсынылды. Барлығын мақтанышпен айта аламыз. Әр спектакль өзінің көрерменін тапты. Әрине барлығының көңілінен шығу мүмкін емес, бірақ 90 пайыз өнерсүйер қауым театрға ағылуда. Сондықтан үлкен бір жетістігіміз деп білемін. Театрдың жетістігі ол өңірдің жетістігі. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алдағы уақытта да үлкен жоспарларды жүзеге асыру ойда бар. Оған өздеріңіз де куә бола жатарсыздар», — деді театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Жоламанұлы. 1975 жылы іргесі қаланған өнер ұжымында бүгінгі таңда елуге жуық әртіс қызмет етеді. Оның ішінде алғашқы сәттен бері еңбек етіп келе жатқан жандар да бар. Солардың бірі — ҚР Мәдениет қайраткері, «Дара» медалінің иегері Мәкен Дүбекқызы. «Кез келген ұлттың руханиятын сілкінтіп, мәдениетін қалыптастыратын ең ұлы өнер ордасы – театр сахнасы. Ал осы киелі өнердің жолында тер төгіп жүрген әртістердің қызметі – сауапты әрі жауапты. Бүгінгі театр күні бүкіл дүниежүзі тойлайтын мереке. 1961 жылдан бері тойланып келе жатқан мейрамды 100-ден астам мемлекет атап өтеді екен. Бүгін тағдырын театрмен байланыстырған кәсіп иелері үшін ерекше күн», — деді.
Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай бір кездері «актер деген — ақ тер»- деп ерен еңбек иелерінің өнерін жоғары бағалап, жылы лебізін білдірген еді. Расымен де бекзат өнердің ғажайып ғаламының астарында қыруар қажыр-қайрат пен маңдай тер жатыр. Сұлулық тұнған сырлы әлемнің сахна шымылдығы ашылған сәттен-ақ күллі адамзатты тазалықтың тұңғиығына қарай жетелеп әкетеді. Осындай саф өнердің сарбаздарының кәсіби шеберліктерін шыңдау назардан тыс қалған емес. Атап айтар болсақ, алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасу мақсатында Тбилисиден және Лондоннан белгілі режиссерлерді шақырту үшін келіссөз жүргізілуде. Сондай-ақ, ұсынған әр спектаклі ерекшелікке толы режиссер Фархат Молдағалимен де жұмыс басталмақ. Ал, сәуір айында өнерсүйер қауымның жүрек қылын шертер, түрлі сезім жетегіне елітер ерекше бағдарламалы концерт-спектакль ұсыну жоспарлануда.