Елімізде Наурыз мейрамын тойлау онкүндігі басталды. Ол 14-23 наурыз аралығында өтеді. Онкүндіктің әр күні еліміздің мәдени байлығы мен ерекшелігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылықтарға арналады. «Наурызнама» халықтың тұрмыс-тіршілігі көрінетін барлық салалны қамтиды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мейрам аясында қайырымдылық пен мәдени іс-шаралардан бастап, ұлттық дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін ұйымдастырылмақ.
«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлау онкүндігінің алғашқы күні «Көрісу күні – Амал мерекесінен» бастау алады.
Көрісу – жылылық пен жанашырлыққа толы мереке. Ежелден 14 наурыз қазақ халқы үшін жылдың басы саналды. Дәстүр бойынша, көктемгі күн мен түннің теңелуінен тура бір апта бұрын біздің ата-бабаларымыз малын түгендеп, ұзақ қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қауышып, наурызға дайындалған.
Жалпы, 10 күн ішінде бүкіл ел бойынша көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер мен кино көрсетілімдері, қайырымдылық акциялары, мәдени-спорттық іс-шараларды қосқанда, түрлі форматта 10 мыңнан астам іс-шара жоспарланып отыр.
Мерекенің жаңа форматына байланысты Наурыз мейрамына арналған демалыс күндері 14-23 наурызға ауыспайды. «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңға сәйкес ресми түрде Наурыз 21-23 наурызда атап өтіледі және сол күндері ғана күнтізбеде демалыс күндері деп белгіленген.