Наурыз ерекше форматта өтеді

160

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «…Еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей ­жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», – деп мерекенің жаңа сипаты мен мазмұнын айрықша атап өткен еді. «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамын» тойлау  биыл  ерекше форматта өтеді.

14-23 наурыз аралығында  өңірде Наурызнама онкүндігі өткізіледі. Бағдарлама әр күнге арналған. «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр  күні»  тұсаукесер рәсімі жасалып, онда бір мезгілде 50 бүлдіршіннің  тұсауы кесіледі. Одан бөлек  батагөйлер  бата беріп, келін түсіру жоралғылары жасалып, жұрт ұмыт бола бастаған ұлтымыздың өзге де салт-дәстүрлерімен танысып, тамашалайды. Ал, «Шаңырақ күні» отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған  10, 20, 30, 40, 50, 60 жыл отасқан отбасылардың фестивалі өтіп, отбасылық жұптардан құралған концерттік бағдарлама халықтың назарына ұсынылады. «Ынтымақ күні»  халық бір сәтке өткен ғасырларға  саяхат жасап, тарихымыздың бір кезеңін тамашалайды.  Жүк артқан түйелер бастап, велосипедшілер қостаған «Наурыз керуені» облыс орталығының Қ.Жалаири даңғылы бойындағы «Жастар» саябағынан бастау алып, Назарбаев көшесімен орталық алаңға қарай бет түзейді.  Сонымен қатар тәтті тағамдар, жеміс-жидектерден  мерекелік жәрмеңкелер де ұйымдастырылады. Жаңа тұжырымдама аясында өткізілетін іс-шаралармен  Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев баспасөз мәслихатында бөлісті.

-«Биыл Наурыз мейрамының тарихын  жаңғыртып, мазмұнын байытып жаңаша форматта өткізу көзделіп отыр. Осы жылы алғаш рет республика көлемінде алуан түрлі шаралармен  10 күн бойы аталып өтетін Ұлыстың Ұлы күні мерекесі — Наурызнама деп аталады. Ілкі заманнан бері  халықтың күнтізбесінде наурыз айының дәл ортасы Көрісу күні – Амал мерекесі болып саналады. Яғни, айдың 14-ші жұлдызы Наурызнаманың басы — Көрісу күнімен басталды.  Дәстүр бойынша  жуырда облыс орталығында ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ақсақалдарымен көрісу ұйымдастырылды. Осы уақытқа дейін батыс өңірлерде ғана сақталған «Амал мерекесі» биылдан бастап біздің өңіріміздің әр аудан, ауылдарында да толыққанды аталып өтті. Қазақ жаратылысынан болмысы бөлек, көңілі дархан, мейірімді  халық. Сондықтан Наурызнаманың екінші күні — 15 наурыз – Қайырымдылық күні деп белгіленді. Бұл күні қарттар үйіндегі ақсақалдар мен жетім балаларға,  көпбалалы отбасылар  сынды мұқтаж жандарға сый-сияпат беріліп, мерекемен құттықтау рәсімі өткізіледі. Ұлтымыздың киім кию үлгісінде, оның ою-өрнегі мен әшекейінде өмір салтымен астасқан терең сыр бар. «Ұлттық киім күні» кітап көрмесі ұйымдастырылады. Онда ұлтымыздың киім кию үлгісі, оның тарихы жазылған кітаптар қойылады. Қазақ әйелінің қасиетті кимешегіне арналған бөлек көрме, ұлттық киім байқаулары, ұлттық нақыштағы заманауи киім үлгілерінен дефиле ұйымдастырылады. Қазақта: «бұлақ көрсең – көзін аш, жақсы көрсең сөзін аш» деген атадан қалған өсиет бар. Көзін ашсаң суы шөліңді қандыратын, мың дертке шипа бұлақтарды тазалау Жетісу өңірінде ежелден үзілмей келе жатқан дәстүр. Биыл ақсақалдарымыз жол бастап, жастарымыз қолдап жүздеген бастаудың көзін ашады, ағаш көшеттерін отырғызады. 20 наурыз – «Ұлттық спорт күні». Бұл күні көкпар тарту,  жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, асық ату, арқан тарту, бес тас, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды ұлттық ойындарын да тамашалаймыз. 22 наурыз –Жыл басы – Наурыз мейрамы. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағынан өтіп, келер жылдан үміті зор жұрт мерекені сезіну үшін бар мүмкіндік жасалады. Он күндік мерекелік шара  еріктілер, жастар мен тұрғындардың қатысуымен көптеген экологиялық акциясымен жалғасып, мәресіне жетеді».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз