Елімізде Ұлыс мерекесін жаңа форматта тойлау үшін 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі деп жарияланды. Осы Наурызнаманың алғашқы күні батыс өңірлерде сақталып қалған, жылдан-жылға аясы кеңейіп келе жатқан Амал күніне дөп келді.
Сонымен Амал күнінде кім кімге көрісу керек?
«Жасы кіші жасы үлкенге барып көріседі. Келін өзінен үлкен абысынға, енесіне барып көріседі. Жиен нағашысына барып көріседі. Қыз алған құда өзінен жасы кіші болса да көбінесе қыз берген құдасына барып көріскен. Ұзатылған қыздың жат жұрттағы бірінші наурызына төркін жағы барып көріседі. Көршімен көрісу міндетті. Күні кеше ғана бірге мал қораласаң да, жыл жаңарған күні көрісуің міндет. Себебі жаңа күн туды, наурыз туды.
Амал мерекесін айналымға енгізген көсемдер күніне бір рет амандасуды, жылына бір рет көрісуді аманаттап кеткен. Міндетті түрде қол алысу керек. Қос қолдап амандасқанның жөні тіптен ерек. Аналарымыз алмакезек қол айқастырып, төс қағысып жататыныны әлі күнге дейін көз алдымызда. Ол көрініс айдындағы аққулардың қауышқанындай әсерлі», — дейді Алқажан Еділхан.
ҚазАқпарат