Талдықорғанда «Амал мерекесі» ардагерлерді құттықтаумен басталды

115

Талдықорғандағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Көрісу күні — Амал мерекесі аталып өтілді.  

Ең алдымен қарттардың құшақ ашып, төс түйістіріп, бір-бірімен көрісуі мерекенің мазмұнын айшықтай түсті. Аталған шаңыраққа арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев орталыққа келуші ардагерлерді Амал мерекесімен құттықтады

– Ардақты ақсақалдар, аяулы апа-әжелер! Қашанда қоғамның тегершігі саналған, тәрбие мен тәлімнің, өнегелі өмірдің қайнары саналған қазыналы қарты бар үйдің құты мен берекесі мол болмақ. Ендеше сіздерді осынау келіп жеткен қазақтың Көрісу күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Белсенді өмір сүру орталығындағы уақыттарыңыз қызықты өтсін, ұрпақ қызығын көріңіздер. Ұзақ жасаңыздар. Сіздер біздің арқасүйер тірегіміз, ақылшымыз, төріміздің киесісіздер, – деді Марлен Көлбаев өзінің құттықтау сөзінде.

Жиналған көпшілік үшін әжелердің би тобы «Қамажай» биін нақышына келтіре орындаса, Роза Төлегенқызы «Көрісу күні» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді. Мереке күні ән-күймен қатар тілектер де толастаған жоқ. Сөз алған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, «Respublica» партиясы Жетісу облыстық филиалының жетекшісі Ришат Асқарбекұлы мерекенің мән-маңызына тоқталып, ізгі тілектерін жеткізді.

Сол сияқты осы күні орталықтағы қарттарға сый-сияпаттар берілді.

Белсенді өмір сүру орталығына келушілердің бірі Мэлс Оқапов мекемедегі мерекелік шараға асыға жеткен қариялардың бірі. Ол өзінің шадыман көңіл күйімен пікірін білдіріп:

— Биыл Наурыздың он күн бойы тойланатынын естіп, қуанып жатырмыз. Мерекені бүгін Орталыққа келіп, Көрісу күнімен бастадық. Дәстүрлі мерекеміздің өрісі кеңейіп, мазмұны тереңдей түскені құптарлық. Баршаңызды жалпыхалықтық мерекемен құттықтаймын! – деді.

Мерекелік шара бұдан әрі Бикен Римова атындағы драма театрында жалғасып, театр сахнасында қалалықтар мен қала қонақтары үшін концерттік бағдарлама ұсынылды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз