Жақында Алматы қаласында кезекті жер сілкінісі болғандығы баршаға мәлім. Осыған байланысты облыстың төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері БАҚ өкілдеріне Төтенше жағдайлар кезінде өз-өзін қалай дұрыс ұстау керектігін айтып, іс жүзінде көрсетті. Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясына облыстық ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасының бастығы Қалдыбек Төлеұлы, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Арыстанбек Туменов және облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Алихан Бушуков қатысты.
Қалдыбек Төлеұлының айтуынша, төтенше жағдай туындаған жағдайда басқарма халықты телерадио хабарларын тарату, сиренамен сөйлеу құрылғыларын іске қосу, SMS тарату және «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы хабардар етуді жүзеге асырады. Төтенше жағдайларда ең бастысы – ең қауіпсіз орынды анықтау. Баспасөз-конференциясында Арыстанбек Туменов дабыл қағатын чемоданды қалай жинау керектігін көрсетті. Чемоданда адамның жеке басын растайтын құжаттар, су, консервіленген өнімдер, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, ысқырық, гигиена құралдары, қосалқы киім және т.б. болуы керек. Сондай-ақ, апаттар медицина орталығының қызметкерлері төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға қалай алғашқы медициналық көмек көрсету керектігін көрсетті.
Өз кезегінде Алихан Бушуков Жетісу облысының су тасқынына қауіпті елді-мекендердің мониторингі туралы айтып берді. Мәселен, қазіргі таңда өңірде су басу ықтималдығы жоғары 31 елді мекен бар. Оның ішінде 22 елді мекенде қауіп азайды. Қалған 9 елді мекенде профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
«Бүгінде таулы аймақтардағы қар жамылғысының биіктігі 67 см-ге дейін, жазық аудандардағы топырақтың қатуы 68 см-ге дейін жетті. Бұл көрсеткіштер қар жамылғысының биіктігі өткен жылмен салыстырғанда 8 см-ге, ал топырақтың қатуы 47 см-ге аз екенін көрсетеді. Күндізгі және түнгі ауа температурасының болжамды жоғарылауы жағдайында шамадан тыс жауын-шашын мен қардың қарқынды еруі көлбеу ағындардың пайда болуына және өзендердегі су деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бұл елді-мекендерде жергілікті су тасқынына әкеледі. Сондықтан тұрғындарды қауіпті аймақтарда жүргенде мұқият және сақ болуға ескертеміз», — деп атап өтті Алихан Бушуков.