Алғыс айту күні — тағдыр тәлкегімен елімізге еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты мекеніне айналған қазақ жері мен қонақжай халқымызға деген терең тағзымының, ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің белгісі. Бұл мереке сыйластық, мейірім мен ізгіліктің, тыныштық пен үндестіктің айшықты көрінісі. Сондай-ақ, қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығының ұмытылмайтындығының дәлелі.
Бұл күн — бейбіт заманда өмір сүріп отырған барша азаматтың бір-біріне құрмет көрсетер күні. Адамдардың өзара алғысын білдіріп, өздеріне жасаған жақсылықтарын еске алуы аса маңызды. Бұл жақсылықты бағалай білуге, оған жақсылықпен жауап қайтаруға бастайды. Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің қашанда келешегі кемел болмақ. «Алғыс айту» күнінің символы ретінде ұлттық тағам құрт таңдалынғаны мәлім. Оның да өзіндік мәні бар. Дәруменге бай тағам кезінде мыңдаған адамды ажалдан құтқарды. Қудалауға түсіп, қамақта отырғандарға көмектескісі келген қазақтар жайлы аңыз көп. Соның бірі мынадай. Деректер бойынша 1937 жылы Ақмола аймағында халық жауының әйелдеріне арнайы лагерь салынады. Ол жерде шамамен 20 мыңға жуық адам тұтқында болған. АЛЖИР тұтқындары егін егіп, мал бағып, құрылыс жұмыстарымен айналысқан. Қоршалған аймақта жүрген тұтқындарға жақын маңдағы қазақ ауылының тұрғындары келіп, «тас» лақтыратын болған. Күзетшілер ешнәрседен күдіктенбейді. Түрмеде жатқан әйелдер бізді «халық жауы» деп күн бермейді деп күйзелген. Бірақ тас дегені құрт болып шығады. Осылайша, олардың біразы құртты талғажау етіп, аман қалған деседі. 1990 жылы елімізге АЛЖИР тұтқыны болған Гертруда Платайс келіп мұражай қызметкерлерімен жүздесіп, сол сәтті еске алады. « Боранды қыс болатын. Тұтқын әйелдер Жалаңаш көлінің жағасында қамыс жинайтынбыз. Әр әйелге бекітілген жұмыс жоспары болады және оны орындау үшін тәулігіне 17 –20 сағат талмастан , тынбай еңбек ету керек . Бірде көл маңындағы ауылдың қазақтары балаларын ерте келіп , оларға бізге тас лақтыртып қойды . Күзетте тұрған сарбаздар : « Көрдіңдер ме , сендерді жергілікті жұрт жақтырмай жатыр» – деп кекететін. Мұндай «таспен ұрулар» бірнеше күн тоқтамады. Әйелдер тағдырдың оларды қатал тәлкекке салғаны үшін қынжыла жылап , көздерінен жастарын тыя алмады. Бір күні мен шаршағаннан сол тастарға тайып құладым. Бір мезетте мұрныма ірімшік иісі келгендей күй кештім. Біз қорғанып жүрген тастардан сүттің иісі аңқып , олар өте дәмді болып шықты. Шамам келгенше тастарды жинап қазақ әйелдері отырған баракқа алып барғанымда , олар мұны ірімшіктен күнге қақталып жасалған құрт деді. Сонда біз бұл әрекеттердің аз да болса бізге қол ұшын бергісі келген қазақтардың тапқан айлаларының бірі екенін түсіндік. Қазақтар ашаршылықты бастарынан өткерсе де, қамыстардың арасына піскен ет, құрт, таба нандарды біз үшін жасырып кететін».
Иә, бұл күн ел санасында өшпес із қалдырды. Ұлт арасындағы достықтың ерен үлгісі мен тағылымды тарих ұмытылмақ емес. Бабалар ізгілігін насихаттау мақсатында мереке аясында халық көп шоғырланған орындарда, яғни, қаламыздың орталығында , Еркін және Өтенай ауылдық округтерінде мектеп алаңында құрт тарату акциясы ұйымдастырылады. Шараға «Сұлу саз» әжелер ансамблі, белсенді жастар мен еріктілер қатысып, мейрамның мән-маңызын бұқара халыққа тарқатады. Дәнегүл Рахымқызы, ардагер әже: «Көктемнің алғашқы күнімен қатар келген Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Мерекенің символдық мәнін ескере отырып талдықорғандықтар бұл күнді құрт таратумен бастағалы отыр. Мейірбан халқымыз сондай зұлматты кезеңдерде бір үзім нанын өзгеге ұсынып, қолдау көрсеткен. Үлкендер балаларға лагерьлерде жұмысқа жегілген тұтқындарға құрт лақтыртады екен. Оның тағам екенін ұғып, «тас» лақтырған балаларға бас изеп, алғыс айтып, құртты теріп алып жүрген. Мереке барысында жастарға ұлттық құндылықты, қазақ халқының жомарт, кең пейіл қасиетін дәріптемекпіз».