Апатты үйлер алаңдатады

258

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 10-3 бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган  жергілікті бюджет қаражаты есебінен пайдаланудағы көппәтерлі тұрғын үйлерге мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау жүргізуді қамтамасыз етеді. Жүргізілген түгендеу жұмыстарына  немесе тұрғындардың арызы негізінде техникалық зерттеуді талап ететін тұрғын үйлердің тізімі  айқындалып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы атестациялық ұйымды айқындайды. Аталмыш зерттеу жұмысы тұрғын үйлердің күрделі жөндеуді талап ететінін немесе апаттық жағдайда екендігін анықтайды. Қазіргі таңда тұжырымдамаға сәйкес Талдықорған қаласы бойынша 19 апатты үй Реновация бағдарламасына енгізілген. Апатты үйлердің меншік иелеріне пәтер сатып алу үшін «Талдықорған қаласының тұрғын үй қорын 2022-2025 жылдарға арналған реновациялау бағдарламасы» бекітілді.

Сәйкесінше 2022 жылы Кивилев көшесі №1, 2, 3, 4 үйдің тұрғындарына 32 пәтер сатып алынып, толықтай тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал, бүгінгі таңда қаламызда 15 апатты үй (93 пәтер) бар. Бюджетке үлкен жүктеме болмас үшін қала әлеуетті инвесторлар есебінен тұрғындарды көшіру мәселесін пысықтады, Шевченко көшесіндегі 1 үй  бойынша инвестициялық келісім туралы шарт жасалды. №133 үйдің тұрғындары ағымдағы жылдың тамыз айына дейін жаңа пәтерлерге көшірілетін болады. Қалған апаттық жағдайдағы тұрғын үй иелері ағымдағы жылдың екінші тоқсанында бюджет қаражаты есебінен қайталама тұрғын үй пәтерлерін сатып алу тәсілімен пәтерлермен қамтамасыз етілетін болады. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде кең таралған 3 бөлімшедегі баспана мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Талдықорған қаласының әкімі, тұрғын үй қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемесінің жауапты тұлғалары аталмыш аймақты әлдеқашан аралап, апаттық жағдайда деп таныған. Бекітілген пәтерлер қолданысқа беруге дайын болған сәтте тұрғындардың барлығы тиісті аймаққа көшірілетін болады. Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде бейнежазбада көрсетілген азаматтардың 90 пайызы қиын жағдайдағы үйлерде дәл қазіргі уақытта  тұрмайтындығы анықталған. Айдос Жақыпбек, «Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі» ММ басшысы: «3 бөлімшедегі тұрғын үйлер техникалық зерттеуден өткен, арнайы тізім де жасақталды, кезекке орналастырылды. Пәтерлерге конкурсқа тапсырыс берілген. Конкурс аяқтала салысымен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Өкінішке орай меншік иелерінің бірқатарында құқықтық айқындылықты белгілейтін құжаттары жоқ. Осы орайда жауапты орган тарапынан тұрғындарға консультациялық кездесу ұйымдастырылып, сот бойынша заңдастыру жұмыстарын жүргізуде көмек көрсетілуде». Айта кету керек, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 32 бабына сәйкес, пәтерлердің, меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз