ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары арасында спартакиада ұйымдастырылып, Жетісу облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өзара бақ сынасты.
2 қала мен 8 ауданнан келген қатысушылар шағын футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ және бильярд сынды төрт спорт түрінен өзара сайысқа түсті.
Жарыстың негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі депутаттар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта отырып, бұқаралық спортты насихаттау.
Депутат – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Жергілікті өкілетті органның өкілдері — халықтың ортасынан шыққан қарапайым адамдар.
Ел үшін еңбек ету — жауапкершілік жүгі ауыр қызмет екендігі белгілі. Спорттық шара барысында депутаттар өздерінің жауапты қызметтен бөлек спортта да мықты екендіктерін дәлелдей білді.
Осыған дейін жиған шеберліктері мен қабілеттерін паш етіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Жарыс қорытындысында, Жетісу облыстық мәслихаты төрт спорт түрінен де белсенділік танытып, жүлделі бірінші орынды иеленді.
Жүлделі екінші орынды жігерлі, өздеріне деген сенімділіктері басым Ақсу аудандық мәслихаты иеленсе, үшінші орынды Кербұлақ аудандық мәслихаты иеленді.
Жарысқа қатысушы басқа да командалар Алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айгүл Саудан